Триллион теңге реформасы: «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингін («Бәйтерек» ҰБХ) қосымша капиталдандырудың астарында не жатыр? | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Триллион теңге реформасы: «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингін («Бәйтерек» ҰБХ) қосымша капиталдандырудың астарында не жатыр?

2025 жылы «Бәйтерек» ҰБХ өз тарихындағы ең ірі қосымша капиталдандырудың бірін — 1 триллион теңгені күтуде. Бұл қаражат кәсіпкерлікті қолдауға, тұрғын үй құрылысын дамытуға және негізгі ұлттық және инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталады.

«Егер бұрын қолдау 20 түрлі бағдарлама арқылы көрсетілсе, енді біз күш-жігерімізді біріктіруді шештік: тікелей капиталдандыруды алу және одан әрі, біздің тарапымыздан — еншілес ұйымдар арқылы — ресурстарды ең үлкен экономикалық тиімділік беретін жерге бағыттау», — деп түсіндіреді холдинг басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайқы.

«Бәйтерек» мемлекеттік инвестициялар моделін қалай қайта іске қосады

Мұндай шешім, сұхбаттасушының айтуынша, кездейсоқ қабылданған жоқ. 2024 жылы Қазақстан жаңа экономикалық бағытқа көшті, оның аясында үкіметтің алдына 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есеге арттыру амбициялық мақсаты қойылды. Ол үшін, «Бәйтеректің» топ-менеджері атап өткендей, экономиканың жылдық тұрақты өсімін кемінде 6% деңгейінде қамтамасыз ету қажет.

Шайқы атап өткендей, мұндай динамикаға жету үшін негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін едәуір арттыру қажет, ол қазіргі уақытта ЖІӨ-нің шамамен 15%-ын құрайды. Сонымен қатар, мақсатты көрсеткіш – кемінде 25%, деп түсіндіреді ол.

«Екінші деңгейлі банктердің нақты секторды қаржыландыруға қатысты ұстамды тәсілі аясында мемлекет «Бәйтерек» холдингі арқылы осы рөлді іске асыра отырып, инвестициялардың катализаторы ретінде әрекет етуді шешті», — дейді холдинг басқарма төрағасының орынбасары.

Жаңа модель үкімет тарапынан қолдау тауып, 2025 жылдың наурыз айында мақұлданды. Алайда, триллион теңге – бұл айсбергтің тек шыңы ғана.

«Холдинг мемлекеттік капиталмен қатар нарықтық құралдарды да пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл 8 триллион теңгеге дейінгі жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді», — деп нақтылайды «Бәйтерек» басшысының орынбасары.

Механизм келесідей: холдинг қаражатты, жоғарыда айтылғандай, өз еншілес ұйымдары арасында бөледі, олардың әрқайсысы қосымша қаржыландыруды тартады – облигациялар шығару, синдикатталған қарыздар, жеке инвесторлардан және халықаралық қаржы ұйымдарынан.

Шайқының пікірінше, мұндай тәсіл бюрократияны қысқартып қана қоймай, сонымен қатар максималды мультипликативтік әсерге бағытталуға мүмкіндік береді: салалық бағдарламаларды іске қосу, ШОБ-ты қолдау, экспортты дамыту, цифрландыру, жаңа өндірістік қуаттар.

2025 жылы жаңа қаражаттан 4,4 триллион теңгеден астам игеру жоспарлануда – бұл инвестициялық жобаларды тікелей несиелендіру, лизинг және қолдаудың басқа да түрлері, деп қосты ол.

Өз кезегінде, экономикалық қызметтің жіктегіші бойынша 60 салаға назар аудара отырып, «Бәйтерек» холдингі 2027 жылға қарай жалпы сомасы 19,7 трлн теңгеден асатын 333 инвестициялық жобаны іске асыруды көздеп отыр, оның ішінде 11,1 трлн теңге тікелей қаржыландыруға бағытталады. Өңдеу өнеркәсібі, қайта өңдеу және инфрақұрылым басымдыққа ие болып қала береді.«Біз пайдалы қазбаларды өндіруді қаржыландырумен айналыспаймыз. Біз экономиканы әртараптандыруға ұмтыламыз. Қаржыландыру жетіспейтін және банктер несие беруге асықпайтын салаларда экономикалық серпін қалыптастыру маңызды», — деп түсіндіреді Шайқы.

Ставка – бірыңғай, әсері – ауқымды

Холдингтің тағы бір міндеті – түпкі қарыз алушылар үшін бірыңғай мөлшерлеме белгілеу болды. «Бұрын «Даму» қоры мөлшерлемелерді 5%-ға дейін, тіпті одан да төмен субсидиялайтын. Бірақ бұл бюджетке салмақ түсіретін. Біз жүйелі реформаға келдік: сәуір айында мөлшерлемелерді субсидиялаудан бас тартып, жылдық 12,6% бірыңғай жеңілдікті мөлшерлеме енгіздік», — деп атап өтті холдинг басшысының орынбасары.

«Бәйтеректің» есептеуінше, реформа бюджет шығындарын арттырмай, шағын және орта бизнесті қаржыландыру ауқымын екі есеге – 4 триллионнан 8 триллион теңгеге дейін – ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Кепілсіз несие – ШОБ үшін шындық

Айтпақшы, 2025 жылдың көктемінде Қазақстанда «Даму» қорының базасында құрылған, бизнесті қолдауға бағытталған екі бірдей кепілдік қоры пайда болды, деп жалғастырады жаңашылдықтарға қатысты пікір білдірген Шайқы. Бірінші Кепілдік қоры (КҚ-1) жобалары 7 млрд теңгеге дейінгі қаржыландыруды қажет ететін кәсіпкерлерге бағытталған. Оның айтуынша, мұнда бұрын-соңды болмаған жағдайлар қарастырылған: кепілдік қарыз сомасының 85%-ын жабуы мүмкін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспауы тиіс.

«Шын мәнінде, біз шағын және орта бизнестің негізгі мәселесін – кепілдің жеткіліксіздігін шешіп отырмыз. Бұл әсіресе ауыл кәсіпкерлері үшін өзекті, өйткені онда активтердің құны жиі төмендетіледі, ал банктердің қызығушылығына қарамастан, несиеге қол жеткізу шектеулі», — деп түсіндіреді «Бәйтерек» басқарма төрағасының орынбасары.

Ал екінші қор (КҚ-2) 7 млрд теңгеден асатын инвестиция көлемі бар инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларға бағытталған. Мұнда кепілдік жоба құнының 30%-ына дейін және 15 жылға дейінгі мерзімге жабады.

«Механизм қарапайым жұмыс істейді: кәсіпкер қаржыландыруға өтінімді банкке немесе «Даму» қорының жүйесінде аккредиттелген қаржы институтына береді. Егер банк әлеуетті көрсе, бірақ қарыз алушының кепілі жеткіліксіз болса – кепілдік қор қосылады», — дейді Шайқы.

Екінші деңгейлі банктерден басқа, кепілдікті «Бәйтеректің» еншілес ұйымдары – ҚДБ (Қазақстан даму банкі), АҚК (Аграрлық кредиттік корпорация), ӨИҚ (Өнеркәсіптік инновациялық қор), QIC (Kazakhstan Investment Corporation) арқылы алуға болады.

Экспорт жаңа үлгіде

«Бәйтерек» стратегиясы аясындағы тағы бір айрықша өзгеріс – KazakhExport-тың «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» (ЭКА) болып қайта құрылуы. Жандос Шайқы атап өткендей, мұның артында жай ғана атауын өзгерту емес, терең институционалдық реформа жатыр.

Export credit agency (ECA) термині – экспорттаушыларға мемлекеттік қаржылық қолдау көрсететін ұйымдарды білдіретін жалпы қабылданған халықаралық атау. Мұндай агенттіктер ЭЫДҰ елдерінде, «Үлкен жиырмалықта» және басқа да дамыған экономикаларда жұмыс істейді.

«Енді біз халықаралық ережелер бойынша ойнаймыз. Қазақстан – экспортқа бағдарланған ел, сондықтан бізге мұндай қолдау құрылымы өте маңызды», — дейді Шайқы.

Жаңа мәртебеге көшумен агенттік бұрынғыдан да көп мүмкіндіктерге ие болды. Енді экспорттық операцияларды сақтандырудан басқа, ЭКА құралдарының тізімі кепілдендіру құралдарымен толықтырылды (экспорттаушылар үшін келісімшарттар жасасу кезіндегі тәуекелдерді азайту, халықаралық тендерлерге қатысу мүмкіндіктері). ЭКА мәртебесінде компания сақтандыру сыйымдылығын ұлғайту және тәуекелдерді қайта сақтандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде, қолдау құралдары цифрландырылған. Биыл ЭКА алдында экспорттаушыларға көрсетілетін қолдау көлемін 600 млрд теңгеге дейін жеткізу міндеті тұр.

«Біздің міндетіміз – жоғары қосылған құны бар өнімдерді ынталандыру. Сондықтан бізге сыртқы нарық қажет: экспорт экономикалық стратегияның бір бөлігі ғана емес, ел экономикасының одан әрі өсуі үшін өмірлік маңызды шарт болып отыр», — деп атап өтті Шайқы. Бүгінде Қазақстан ЭЫДҰ елдерінің жіктегішіндегі өз мәртебесін жақсарту бағытында белсенді жұмыс істеуде, бұл халықаралық қаржыландыруды арзандатуға мүмкіндік береді, деп қосты ол.

«Бұл несие құнын бірнеше пайызға төмендетуі мүмкін. Ал миллиардтаған доллар туралы сөз болғанда, бұл ел үшін ондаған, тіпті жүздеген миллион үнемдеу болып табылады», — деп атап өтеді «Бәйтеректің» топ-менеджері.

Сұхбаттасушының айтуынша, холдингтің жаңа стратегиясына сәйкес, еншілес компаниялардан түсетін барлық дивидендтер 8 трлн теңге көлеміндегі күрделі салымдар бағдарламасында көзделген жобаларды іске асыруға бағытталатын болады.

«Біздің мақсатымыз – экономиканың нақты секторын қаржыландыру арқылы экономикалық өсімді қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар мемлекеттік қаражаттың сапалы салынуы мен қайтарылуына кепілдік беру», — деп қорытындылады «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайқы.

consultation Кеңес ал!