Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі жасыл трансформация жағдайында экспорттық қаржыландырудың болашағын талқылады
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Швейцарияда өткен IfTI 2024 жаһандық симпозиумына қатысты. Іс-шара жаһандық өзгерістер жағдайында халықаралық сауданың келешегін талқылау үшін әлемнің жетекші сарапшыларын жинады.
Симпозиумның негізгі тақырыптары жасыл экономикаға көшу, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және әлемдік сауданы цифрландыру болды. Қатысушылар бұл факторлардың жаһандық экономиканың болашағын қалай қалыптастыратынын талқылады.
Іс-шара аясында «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Аян Бектібаева экспорттық қаржыландырудың болашағына арналған панельдік сессияда сөз сөйледі. Ол Қазақстанның экспорттаушыларды қолдаудағы тәжірибесімен бөлісті және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған жаңа бастамалар туралы айтты.
«Стратегиялық бағдарлардың экологиялық бейтарапты, климатқа төзімді жобалар мен инвестицияларға ауысуына ықпал ете отырып Қазақстан орнықты дамудың жаһандық мақсаттарына өзінің беріктігін көрсетеді. Экологиялық таза технология тек тренд емес, бұл қажеттілік. Инновациялық экологиялық шешімдерді енгізетін экспорттаушыларды қолдау-бұл біздің еліміздің болашағына инвестиция. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі осындай жобаларға экспорттық қаржыландыруды ұсына отырып, бизнеске жаңа нарықтарды игеріп қана қоймай, қаржылық тәуекелдерді азайтып, ұзақ мерзімді қолдауды қамтамасыз ете отырып, жаһандық аренада өзінің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға көмектеседі», — деп атап өтті Аян Бектібаева.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ 2023 жылы Net Zero Export Credit Agencies Alliance (NZECA)нөлдік шығарындылар жөніндегі экспорттық-кредиттік агенттіктердің халықаралық Альянсына үлескер қатысушы ретінде қосылды. Тиісті құжатқа Дүниежүзілік климат саммиті (COP28) аясында қол қойылды.