Қазақстан мен Бельгия сауда ынтымақтастығының негізгі бағыттарын анықтады
Алматыда екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынасты одан әрі дамытуға арналған Қазақстан-Бельгия Іскерлік кеңесінің екінші отырысы өтті.
Қазақстан мен Бельгия елшіліктерінің, Қазақстанның сыртқы сауда палатасының және БеНиЛюкс Сауда Палатасының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара екі елдің мемлекеттік құрылымдары мен бизнес-қоғамдастығының өкілдерін жинады.
Ынтымақтастықтың жаңа бағыты
Отырыста энергетика, ауыл шаруашылығы, IT, инфрақұрылымдық жобалар және экономиканың негізгі салаларындағы серіктестікке баса назар аударылды.
Кездесу қатысушылары қолданыстағы жобаларды талқылап, инвестиция мен сауда айналымының көлемін арттыруды көздейтін жоспарларын айқындады.
Іс-шара барысында жасыл энергетика және цифрландыру саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыруды көздейтін БеНиЛюкс Сауда палатасы мен Central Asia Climate Foundation арасында серіктестік туралы Меморандумға қол қойылды.
Серіктестікті күшейту: «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және жаңа мүмкіндіктер
Кездесу аясында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі және оның еншілес ұйымдары – Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі, Қазақстанның Даму Банкі, QIС түрлі сектордағы ынтымақтастық жолын талқылау мақсатында жеке жиналды.
Тараптар инфрақұрылым, логистика, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы озық технологиялар мен озық тәжірибелерді, сондай-ақ баламалы энергия көздері мен металл өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларды енгізу қажеттігін атап өтті.
Қаржыландыру, бірлесіп сақтандыру және қайта сақтандыру мүмкіндіктері негізінде жүзеге асырылуы мүмкін ынтымақтастықтың үш негізгі бағыты:
- Инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру: еуропалық технологияларды, жабдықтарды және инвестицияларды пайдалану.
- Логистиканы дамыту: баламалы маршруттарды құру және дамыту, жол инфрақұрылымын жетілдіру, цифрландыру, жылжымалы құрамды жаңарту, Орта дәлізді негізге алу.
- Импортты қолдау: еуропалық өндірушілердің импорт тауарларын жеткізудің жаңа тәсілін табу қажеттілігін ескере отырып, мәселен, металл өңдеу өнімдері бойынша түсті металл кен орындарын бірлесіп игеріп, кейіннен ол өнімді Бельгияға және Еуропаның басқа елдеріне жеткізу.
Қазақстан мен Бельгия арасындағы байланыс жыл өткен сайын тұрақты дамып жатыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 523,7 миллион долларға жетті.
Еске салайық, «Қазақстан-Бельгия» іскерлік кеңесі 2021 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған. Іскерлік кеңестің бірінші отырысы 2023 жылдың 5 маусымында Астанада өтті.