Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі БҰҰ Жаһандық шарты көшбасшыларының Саммитіне қатысты | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі БҰҰ Жаһандық шарты көшбасшыларының Саммитіне қатысты

«Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) 22-23 қыркүйекте Нью-Йоркте өткен 2026 жылғы БҰҰ Жаһандық шарты көшбасшыларының Саммитіне (UN Global Compact Leaders Summit 2026) қатысты.

БҰҰ Бас Ассамблеясының Жоғары деңгейдегі апталығы шеңберінде өткен форум 750-ден астам халықаралық ірі компаниялардың басшыларын, мемлекеттік органдардың, даму институттарының өкілдерін, инвесторлар мен әлемдік сарапшыларды біріктірді. Іс-шараның негізгі тақырыбы – «Тұрақты өсуді қамтамасыз ету және орнықтылықты арттыру» (Driving Sustainable Growth and Resilience).

Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі БҰҰ Жаһандық шартына 2017 жылы қосылып, өз қызметіне тұрақты даму қағидаттарын жүйелі түрде енгізіп келеді. Осы саммитке қатысу агенттікке қазақстандық шикізаттық емес экспортты қолдау құралдарына әлемдік ESG-стандарттарды бейімдеуге, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті кеңейтуге, сондай-ақ жаһандық құн құру шынжырларында Қазақстанның позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Екі күндік бағдарлама барысында қатысушылар корпоративтік декларациялардан нақты өлшенетін нәтижелерге өтудің практикалық тетіктерін қарастырды. Тұрақты және аралас қаржыландыру, климаттық күн тәртібі, инвестициялық тәуекелдерді азайту, жауапты сатып алулар және корпоративтік басқаруға жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Пленарлық және жұмыс сессиялары шеңберінде ЭКА халықаралық серіктестермен және сарапшылармен бірқатар кездесулер өткізді, онда «жасыл» және каталитикалық капиталды тарту, тиісті тексеру (due diligence) процедураларын енгізу, сондай-ақ отандық экспорттаушыларды экологиялық реттелетін әлемдік нарықтарға шығу кезінде қолдау мәселелері талқыланды.

Бұдан бөлек, Саммит аясында БҰҰ Жаһандық шарты 2026-2030 жылдарға арналған Стратегиясын таныстырды және 2027 жылға арналған бірыңғай халықаралық өзара іс-қимыл инфрақұрылымын құру бастамасын анонстады. Бұл платформа негізгі бағыттарды: климаттық өтуді, тұрақты қаржыландыруды, гендерлік теңдік пен лайықты еңбек жағдайларын қамтиды.

ЭКА-ның корпоративтік тұрақтылық саласындағы ең ірі әлемдік бастамаға қатысуы Қазақстанның жауапты бизнес жүргізу қағидаттарына, қаржы секторын ESG-трансформациялауға және халықаралық аренада бәсекеге қабілетті қазақстандық экспортты жылжытуға адалдығын растайды.

Анықтама: БҰҰ Жаһандық шарты – әлемнің 100 елінен 25 000-нан астам қатысушының басын қосатын корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік пен тұрақты даму саласындағы БҰҰ-ның ең ірі бастамасы. Ұйымның қызметі адам құқықтары, еңбек қатынастары, қоршаған ортаны қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы Он әмбебап қағидатты жылжытуға бағытталған.

consultation Кеңес ал!