«Бәйтерек» холдингі Бірыңғай фронт-офисті іске қосты
Астанада «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалы базасында «Бәйтерек» холдингінің Бірыңғай фронт-офисі (БФО) ашылды. Жоба «бір терезе» қағидаты бойынша шағын және орта бизнесті қолдаудың кешенді экожүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Бастаманың басты мақсаты – кәсіпкерлер үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, бизнесті бастау мен дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ бүкіл ел бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға ықпал ету. БФО құру ШОБ субъектілеріне Холдингтің барлық еншілес ұйымдарының қаржылық және қаржылық емес құралдарына бір нүктеде ыңғайлы қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Бірыңғай фронт-офисті құруға «Даму» қорының өңірлік инфрақұрылымы негіз болды. Қор Қазақстанның барлық 20 өңірінде кең филиалдар желісіне, сондай-ақ мобильді фронт-офистерге ие. Бұл «Бәйтерек» холдингі компаниялар тобының құралдарын бүкіл ел бойынша кәсіпкерлерге, соның ішінде жекелеген даму институттарының өз өкілдіктері жоқ шалғай аудандар мен өңірлерде де қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Бірыңғай фронт-офис Холдингтің бес ұйымының құралдарын біріктіреді:
-
Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі – экспорттық кредиттерді сақтандыру;
-
Қазақстанның Даму Банкі – ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру;
-
Өнеркәсіпті дамыту қоры – кәсіпорындарды жаңғырту үшін жеңілдетілген және лизингтік қаржыландыру;
-
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры – жеңілдетілген кредит беру, пайыздық ставканы субсидиялау, кепілдік беру және шағын мен орта бизнесті қаржылық емес қолдау шаралары;
-
Qazaqstan Investment Corporation – тікелей инвестициялар және венчурлік қаржыландыру құралдары.
Осылайша, енді елдің кез келген өңіріндегі кәсіпкер бір ұйымға жүгіну арқылы барлық қажетті ақпаратты ала алады. Бірыңғай фронт-офистің жұмысы кәсіпкерді сүйемелдеудің толық циклін қамтиды: БФО-ға жүгіну – қолайлы құралды таңдау – консультация алу – өтінім беру – жобаны сүйемелдеу – қаржыландыру мәселесін қарау.
Мұндай формат кәсіпкерге бірнеше даму институтына бөлек жүгінбей, жоба бойынша жұмысты бір нүктеден бастауға мүмкіндік береді.
БФО шеңберінде біріктірілген құралдар қолдау шараларының кең ауқымын – шағын және орта бизнесті дамыту мен ірі инвестициялық жобаларды қаржыландырудан бастап, тікелей инвестицияларға, экспортты сақтандыруға және өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаңғыртуға дейін қамтиды.
«Даму» қоры қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіреді және кәсіпкердің мәселесі бойынша шешім қабылданғанға дейін оны сүйемелдейді, бұл оны әрбір ведомствоға немесе ұйымға бөлек жүгіну қажеттілігінен босатады. Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтарының пилоттық жобасы Астана, Алматы, Шымкент қалаларын, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстарын қамтиды.
