Қазақстан Тәжікстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастық құралдарын кеңейтуде
Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды институционалдық дамыту аясында «Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ның (ЭКА, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) шетелдегі өкілдігі Худжандта Соғды облысының іскери ортасы өкілдерімен кездесу өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты — тәжікстандық бизнеске ЭКА-ның өзекті қаржы-сақтандыру қолдау құралдары туралы ақпарат беру, екіжақты B2B кездесулер өткізу, сондай-ақ екі елдің кәсіпкерлері арасындағы практикалық өзара іс-қимылды нығайту болды.
Іскери бағдарлама барысында Қазақстаннан импорттық операцияларды жүзеге асыру кезінде коммерциялық тәуекелдерді азайту тетіктеріне ерекше көңіл бөлінді. Қатысушыларға қаржы ағындарын оңтайландыруға және ЭКА-ның сақтандыру мен қаржы өнімдерін пайдалану есебінен транзакциялардың барынша сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін шешімдер таныстырылды.
ЭКА-ның Тәжікстандағы аймақтық директоры Рамеш Худоиев төлемді кейінге қалдыру алгоритмдерін түсіндіріп, бұл тетіктердің қазақстандық жеткізушілерге өнімді кепілді түрде жөнелтуге, ал тәжікстандық сатып алушыларға — алдын ала төлем жасамай-ақ тауар алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ агенттіктің қатысуымен аккредитивтік есеп айырысу нысандарын тиімді қолдану мәселелері, өнім жеткізілмеу немесе трансшекаралық мәмілелер кезінде қаржылық шығын тәуекелдерін азайту құралдары қаралды.
«Бұл — биылғы жылдағы біздің екінші бейінді іс-шарамыз. Егер алдыңғы кезеңде негізгі назар қаржы институттарымен өзара іс-қимылға аударылған болса, бүгінгі кездесу қазақстандық өнімнің қолданыстағы және әлеуетті импорттаушыларын біріктірді. Біз Қазақстан тауарларына, әсіресе тамақ және жеңіл өнеркәсіп өніміне жоғары нақты қызығушылықты байқап отырмыз. Тәжікстан дәстүрлі түрде ЭКА портфеліндегі экспорттық келісімшарттар көлемі бойынша көшбасшылардың бірі болып қалып отыр, біз бұл жетістікті өз құралдарымызды жергілікті бизнестің нақты сұраныстарына бейімдеу арқылы жүйелі түрде дамытуды жоспарлаудамыз», — деді Рамеш Худоиев.
Іс-шара қорытындысы бойынша тәжікстандық импорттаушылар мен қаржы секторы институттарының өкілдері арасында тікелей B2B келіссөздер өтті. Кездесулерге екінші деңгейдегі банктердің өкілдері қатысып, ЭКА мен қазақстандық банк құрылымдарының сауда қаржыландыру құралдары арқылы жоспарланған мәмілелерге қаржылық сүйемелдеу мен қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
«Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ның шетелдегі өкілдігі Душанбеде 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Кеңсенің қызметі қазақстандық экспорттаушылар мен шетелдік контрагенттер арасында тікелей диалог құруға, сондай-ақ өзара тауар айналымы көлемін ынталандыруға бағытталған.
ЭКА-ның экспорттық қызығушылық танытатын негізгі елдердегі аймақтық желісінің болуы Қазақстанның мемлекеттік экспорттық инфрақұрылымының маңызды элементі болып табылады. Өкілдіктердің функционалы стандартты консалтингтен асып түседі және халықаралық банктер мен импорттаушылармен сенімді әрі тұрақты ұзақ мерзімді байланыстарды қалыптастыруды қамтамасыз ететін мәмілелерді сүйемелдеудің тиімді тетігі болып табылады.
Атап өтетін жайт, 2025 жыл қорытындысы бойынша Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі Тәжікстанға жеткізілетін экспорттық келісімшарттарға жалпы сомасы 185 млн АҚШ долларына қаржы-сақтандыру қолдауын көрсетті. Экспорттың негізгі үлесін қазақстандық металлургия, мұнай-химия және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының өнімі құрады.
