Қазақстанның ЭКА-сы Қытайға шикізаттық емес экспортты кеңейтуде | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Қазақстанның ЭКА-сы Қытайға шикізаттық емес экспортты кеңейтуде

Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) Азияның ірі халықаралық салалық алаңдарында қытайлық серіктестермен ынтымақтастық аясын кеңейтуде. Агенттіктің ҚХР-дағы өңірлік директоры Чжаоцян Лю Бейжіңдегі China International Supply Chain Expo (CISCE 2026) және Шанхайдағы Transport Logistic China мамандандырылған көрмелеріне қатысты. Бұл шаралар тұрақты трансшекаралық дәліздер құруға және әлемдік сауданы дамытуға бағытталған жаһандық нарықтың негізгі ойыншыларын — жетекші өнеркәсіптік және логистикалық корпорациялардың басшыларынан бастап қаржы институттары мен мемлекеттік ұйымдардың өкілдеріне дейін біріктірді.

Іскерлік бағдарлама аясында Экспорттық-кредиттік агенттіктің (ЭКА) өкілі B2B кездесулері мен келіссөздер сериясын өткізді. Экспорттық кредиттерді сақтандыру және сауданы қаржыландыру құралдарының таныстырылымы қытайлық импорттаушылар мен логистикалық операторлар тарапынан ерекше қызығушылық тудырды. Келіссөздер барысында басты назар қазақстандық кәсіпорындарға ҚХР-ға өнім жеткізіп қана қоймай, мемлекет тарапынан көрсетілетін сенімді қаржы-сақтандыру қолдауының арқасында Аспан асты елінің ішкі нарығында нық бәсекелесуге мүмкіндік беретін нақты механизмдерге аударылды.

Сапардың маңызды кезеңі — ЭКА мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Қытайдың көлік секторының көшбасшыларымен бірлескен келіссөздері болды. Онда халықаралық тасымалдар саласындағы ынтымақтастықты дамыту, экспорттық жеткізілімдерді логистикалық сүйемелдеу және ҚХР нарығында қазақстандық экспорттың қолжетімділігін арттыру үшін Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің құралдарын қолдану мүмкіндіктері талқыланды.

Халықаралық салалық іс-шараларға қатысу, сонымен қатар, жаһандық өндірістік және логистикалық тізбектерді дамытудың заманауи үрдістерін, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту перспективаларын зерделеуге, сондай-ақ Қазақстанның шикізаттық емес экспортын қолдау мақсатында қытайлық компаниялармен өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Қытайдың қаржы институттарымен, импорттаушыларымен және логистикалық компанияларымен ынтымақтастықты дамыту — Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі халықаралық қызметінің басым бағыттарының бірі. ЭКА-ның ҚХР-дағы институционалдық өкілдігі нарық қатысушыларымен тұрақты байланысты қамтамасыз етеді, қазақстандық өндірушілерді ілгерілетуге және әлемдегі ең ірі нарықтардың бірінде экспортты қолдау құралдарын қолдану аясын кеңейтуге ықпал етеді.

consultation Кеңес ал!