"Бәйтерек" холдингі Наурыз мейрамын атап өтті
20 наурыз күні «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі АҚ-да Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара өтті. Іс-шараға Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, Холдингтің компаниялар тобының басшылығы мен қызметкерлері қатысты.
Ұжымға сөз сөйлеген Рустам Қарағойшин қызметкерлерді мерекемен құттықтап, бұл күннің ерекше маңызын атап өтті.
«Биыл Наурыз мейрамы мен Ораза айт мерекелерінің қатар келуі бұл күнге айрықша мән береді. Бұл – бізді жақсылық, өзара құрмет және қолдау құндылықтары төңірегінде біріктіретін уақыт. Сондай-ақ ол бірлік пен ортақ құндылықтардың маңызын еске салады», — деп атап өтті.
Мерекенің ерекше сәттерінің бірі – Холдинг басшысы өткізген тұсау кесер рәсімі болды. Бұл көне қазақ дәстүрі балаға нық қадам, өмір жолының ашық болуын тілейтін игі ниетті білдіреді.
Холдингтің әрбір еншілес ұйымы өздерінің мерекелік алаңын дайындап, іс-шараны ұлттық дәстүрлер фестиваліне айналдырды.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі мерекенің сценарийлік-қойылымдық және музыкалық ұйымдастырылуын қамтамасыз етті. Бағдарлама аясында домбырашылар мен вокалистердің өнері ұсынылып, «Қара жорға» флешмобы өткізілді.
Qazaqstan Investment Corporation ұлттық ойындар мен спорт түрлеріне арналған алаң ұйымдастырды: тоғызқұмалақ, асық ойыны, гір көтеру және садақ ату. Арнайы дайындалған алаңдарда қонақтар мен қызметкерлер жарыстарды тамашалап қана қоймай, өздері де қатысып, қазақ халқының дәстүрлерімен жақынырақ танысты.
Қазақстанның индустрияны дамыту қоры XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ қолөнерінің үлгілері ұсынылған «Шеберлер қалашығын» таныстырды. Шақырылған шеберлер қамшы жасау, киізден бұйымдар дайындау және ұлттық зергерлік әшекейлерді әзірлеу өнерін көрсетті. Қонақтар үшін қазақ әшекейлерін жасау бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, әрбір қатысушы өз қолымен жасаған бұйымын естелікке алып кете алды.
Қазақстан тұрғын үй компаниясы қазақ халқының мәдени мұрасын бейнелейтін тақырыптық фотозона ұйымдастырды. Дәстүрлі киіз үй, батырлар бейнесі, тазы және бүркіт көріністері аясында қонақтар ұлттық нақышқа толы ерекше атмосфераны сезіне алды.
Іс-шара «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ компаниялар тобының ұжымдарын біріктіріп, корпоративтік мәдениетті нығайту мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған дәстүрлі алаңға айналды.
