Қостанай облысының экспорттық мүмкіндігі | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Қостанай облысының экспорттық мүмкіндігі

Қостанай облысы әкімдігі мен «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) өңір кәсіпкерлеріне арналған бизнес-таңғы асын өткізді. Кездесуге «Атамекен» ҰКП мен «Қазақстан халық банкі» АҚ өкілдері жұмылдырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірдің экспорттық мүмкіндігін арттыру және бизнес қауымдастығының өзекті сұраныстарын анықтау.

Кездесуге агроөнеркәсіп, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісі, машина жасау сияқты негізгі салаларда жұмыс істейтін кәсіпорын жетекшілері, сондай-ақ ЭКА клиенттері –  «Промбаза-7» ЖШС, «Терра» ЖШС және «Аруана-2010» ЖШС өкілдері қатысты.

Агенттіктің өңірлік менеджері Темірхан Тишбаев кәсіпкерлерге компанияның негізгі қолдау құралдарын таныстырды. Атап айтқанда, алдын ала экспорттық қаржыландыру және қарыздарды сақтандыру тетіктері ұсынылды. Бұл құралдар кәсіпорындарға шикізат сатып алу үшін айналым қаражатын толықтыруға, өндірістік қуатты ұлғайтуға және жаңғырту жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында ЭКА қызметтерінің цифрландырылуы мен автоматтандырылуына ерекше назар аударылды. Қатысушыларға өтінім беру кезеңінен бастап келісімшартқа қол қоюға дейінгі барлық процесті қамтитын «Экспорттаушының жеке кабинеті» онлайн-платформасы таныстырылды. Бұл платформа өтініштерді қарау уақытын қысқартып, бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара серіктестікті тиімді етеді.

Кездесу кезінде кәсіпкерлер өз ұсыныстарын білдіріп, экспорттық жеткізілімдерді ұйымдастыруда кездесетін өзекті мәселелерді талқылады.

Сонымен қатар ЭКА өкілі өңірдің өңдеуші секторындағы кәсіпорындарды аралап, әлеуетті экспорттаушыларды және өңірлік экспортты дамытуға мүмкіндік беретін жаңа бағыттарды анықтады.

Айта кетейік, ЭКА қызметтері Қазақстанның барлық өңдеуші кәсіпорындары үшін қолжетімді. Дайын өнім, жұмыстар немесе қызметтер экспорттайтын компаниялар агенттік ұсынатын қаржылық және сақтандыру құралдарын пайдалана алады. Әр өңірде бизнеске кеңес беру және қолдау көрсету үшін арнайы өңірлік менеджер бекітілген.

consultation Кеңес ал!