«Хатлон Инвест-2025» халықаралық бизнес-форумы
Тәжікстан Республикасының Бохтар қаласында Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей, Беларусь, Иран, Әзербайжан, Пәкістан, Қытай және Түркиядан келген халықаралық қаржы институттары мен бизнес өкілдерінің қатысуымен «Хатлон Инвест-2025» халықаралық бизнес-форумы өтті. Іс-шараға жергілікті және шетелдік кәсіпкерлер де қатысты.
Форум барысында өңірдің тұрақты дамуына инвестиция тарту, цифрландыру, жеке сектормен серіктестік орнату, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту тақырыптарында панельдік пікірталастар өтті. Сондай-ақ Хатлон облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттау және өңдеу мәселелері қарастырылды.
Іс-шара барысында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің Тәжікстандағы өкілдігі Хатлон облысының Сауда-өнеркәсіп палатасымен және жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуде тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру және қазақстандық өнімдерді өңір нарығына шығару жолдарын талқылады.
Форум қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп, жергілікті өнімдерді өңдеу және инфрақұрылымды дамыту салаларында жаңа ынтымақтастық келісімдеріне қол қойылды. Бұл форум Хатлон облысына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мен іскерлік және экономикалық байланыстарды нығайтудың маңызды кезеңіне айналды.
Сонымен қатар форум шеңберінде жергілікті өндірушілердің тауарлары мен қызметтері ұсынылған көрме өтті.
