ЭКА ЕАЭО елдеріне құрылыс материалдарын экспорттайтын кәсіпорындарды қолдауды күшейтеді | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

ЭКА ЕАЭО елдеріне құрылыс материалдарын экспорттайтын кәсіпорындарды қолдауды күшейтеді

Алматыда құрылыс өнімдері мен оған қатысты қызметтердің Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне экспортталуын қамтамасыз ету және сауда ісіне кедергі келтіретін мәселелерді жою жолдарына қатысты кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шараға «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ның Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры Алмас Қалқаев қатысты. Ол «Отандық өндірушілерге қолдау көрсету шаралары» тақырыбындағы баяндамасында ЭКА өнімдері, атап айтқанда, кепілдік беру, сақтандыру және саудаға қаржы тарту тетіктері туралы жеткізді. Оның айтуынша, биыл Агенттіктің құрылыс саласына көрсетіп отырған қолдауының үлесі айтарлықтай өскенін.

«2025 жылдың алғашқы сегіз айында ЭКА портфеліндегі құрылыс материалдары экспортының үлесі 3,7 млрд теңгеден асты. Негізгі сатып алушы елдер – Армения, Беларусь, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан», – деп атап өтті Алмас Қалқаев.

ЕАЭО елдерінде орнатылған мықты экономикалық интеграцияға қарамастан, құрылыс саласында әлі де экспорт бойынша кедергілер бар. Оның негізгі себептері стандарттардағы, сертификаттаудағы және логистикадағы айырмашылықтар болып отыр.

Сарапшылардың бағалауынша, бұл кедергілерді жою одақ аясында құрылыс материалдарының өзара саудасын алдағы жылдары 15–20 пайызға арттыруы мүмкін. Бұл арқылы түпкі тұтынушылар сапалы материалдарға қол жеткізсе, тұрғын үй құрылысының өзіндік құны төмендемек.

Осы ретте ЭКА отандық өндірушілерге көрсетілетін қолдау көлемін арттыра бермек. Агенттік өз өнімдерін ағымдағы нарықтық үрдістерге бейімдеп, Қазақстанда да, бүкіл Одақта да өңдеуші сектордың өсімін ынталандыруды көздейді.

Кездесу қатысушылары құрылыс саласындағы мәселелерді шешуге арналған ұсыныстар мемлекет басшыларының алдағы кездесулерінде қаралады деп үміттенеді.

Бұған дейін Еуразиялық экономикалық одақ құрылған сәттен бастап оның ЖІӨ 18 пайызға өсіп, 2,5 трлн АҚШ долларынан асқаны хабарланған болатын.

 

consultation Кеңес ал!