Қазақстандық мұнай саласындағы компаниялар Татарстанмен серіктестікке дайын
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің (ЭКА) Татарстан Республикасындағы аймақтық директоры Ренат Қалиев Қазанда өткен Татарстан мұнай-газ-химия форумына қатысты. Іс-шарада 200-ден астам экспонент жиналды. Олардың қатарында мұнай-газ жабдықтарын өндірушілер мен жеткізушілер, мұнай-газ өндіруші және қайта өңдеуші кәсіпорындар, сондай-ақ геологиялық барлау компаниялары бар. Сонымен қатар форумға Қазақстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Қытай, БАӘ, Беларусь және өзге де мемлекеттерден делегациялар келді.
Ренат Қалиев форум қатысушыларының Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға деген жоғары қызығушылығын атап өтті. Ол, әсіресе, қазақстандық мұнайсервис қызметтерін экспорттау саласында серіктестікті кеңейту үшін зор әлеует бар екенін айтты.
«Бүгінгі форумда Қазақстан өзінің мүмкіндіктерін паш етіп, нақты жобаларды талқылай алды. Біз мұнайсервис қызметтерінің экспортын Татарстан нарығына, жалпы Ресейге күшейту үшін айтарлықтай мүмкіндігіміз бар екенін көріп отырмыз. Инжинирингке, құрылыс-монтаж жұмыстарына және сараптамалық қызметке маманданған қазақстандық компаниялар мол тәжірибеге ие, сондай-ақ Татарстанның мұнай-газ кешені үшін бәсекеге қабілетті әрі сапалы шешімдер ұсына алады», – деді Р. Қалиев.
Сонымен қатар ол мұндай іс-шаралар іскерлік байланысты нығайтуға және аймақтық әрі халықаралық деңгейде жаңа бірлескен жобалар құруға ықпал ететінін атап өтті. Бұл Қазақстанның қызмет көрсету экспорты көлемін арттыру стратегиясына толық сәйкес келеді. Өткен жылы бұл бағыт айтарлықтай өсім көрсеткен болатын.
Форум соңында Ренат Қалиев өнеркәсіп және бизнес қауымдастығы өкілдерімен бірқатар іскерлік кездесу өткізді. Оның мақсаты – ЭКА сақтандыру қамтуы аясында жүзеге асырылуы мүмкін экспорттық операцияларды талқылау үшін байланыс орнату.
