Қазақстанның Гуанчжоу қаласындағы сауда-экономикалық миссиясы: ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Қазақстанның Гуанчжоу қаласындағы сауда-экономикалық миссиясы: ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері

Гуандун провинциясының астанасында Қазақстанның Сауда-экономикалық миссиясы (СЭМ) өтті. Іс-шараға 20-дан астам отандық компания және Қытай Халық Республикасының жетекші іскер топтарының өкілдері қатысты. Миссияны Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ашты. Өз сөзінде ол Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық әріптестер екенін атап өтіп, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында екі ел арасындағы тауар айналымы 15 млрд АҚШ долларына жуықтап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,9%-ға өскенін мәлімдеді.

Министр ерекше назарын Қытайдың ең ірі экономикасы саналатын, жалпы ішкі өнімі 1,9 трлн АҚШ долларын құрайтын Гуандун провинциясына аударды. Өткен жылы өңірдің Қазақстанмен сауда көлемі 37,3%-ға артып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту әлеуетінің жоғары екенін көрсетті.

Қытайдағы Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің өңірлік директоры Лю Чжаоцян қазақстандық өндірушілерді қолдау шараларын таныстырды. 2019 жылдан бері агенттік қазақстандық экспорттаушылардың Қытай нарығына шикізаттық емес бағыттар бойынша — агроөнеркәсіп және азық-түлік секторынан бастап металлургия мен жеңіл өнеркәсіпке дейін — шығуына қолдау көрсетіп келеді. Қолдау құралдарына экспорттық несиелерді сақтандыру және келісімшарттар бойынша төлемдерді кейінге қалдыру кіреді.

СЭМ аясында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, Гуандун провинциясының сауда қауымдастықтарымен тікелей байланыстар орнатылды. Қазақстан өнімдерін, соның ішінде рапс майы, мал азықтық ұн және арпа жеткізу жөнінде жалпы сомасы 45 млн АҚШ долларына келісімдерге қол жеткізілді.

Келіссөздер қорытындысында тараптар өзара жеткізілімдерді кеңейтуге, жаңа бірлескен жобаларды дамытуға және өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін растады. Гуанчжоудағы СЭМ қазақстандық бизнесті ілгерілетуге және Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті күшейтуге маңызды алаңға айналды.

consultation Кеңес ал!