Pamir Invest 2025: Тәжікстанда Қазақстан өнімдеріне деген сұраныс артуда
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) Тәжікстан Республикасының Инвестициялар және мемлекеттік мүлік басқармасы комитеті ұйымдастырған «Pamir Invest 2025» халықаралық инвестициялық форумына қатысты. Форум мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы диалог алаңына айналды. Іс-шара Тәжікстанның Таулы-Бадахшан автономиялық облысының әкімшілік орталығы Хорог қаласында өтті.
Форум барысында ЭКА-ның Тәжікстандағы өңірлік директоры Рамеш Худоиев Агенттіктің қаржылық және сақтандыру құралдарын таныстырды. Ол экспорт алдындағы және сауда қаржыландыруының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ЭКА Қазақстан өнімдерін импорттайтын шетелдік компанияларға Агенттік кепілдігімен жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша несие алуға көмектесетінін айтты. Бұл импорттаушылар үшін қаржылық жүктемені азайтып, сауда операцияларын анағұрлым тартымды етеді.
«Агенттіктің басым бағыттарының бірі – қазақстандық экспорттаушылардың қаржыландыруға қол жеткізуін қамтамасыз ету, сондай-ақ шетелдік инвесторлар мен технология иелері үшін қолайлы жағдай жасау. Қазіргі таңда біз Тәжікстандағы серіктестермен жасалатын шарттар көлемінің тұрақты өсімін байқап отырмыз, ал біздің өнімдер бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Р. Худоиев.
Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі Тәжікстан нарығында жұмыс істейтін отандық экспорттаушыларға көрсетілетін қолдауды арттыруда. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Тәжікстанда жобаларды жүзеге асырып жатқан қазақстандық экспорттаушыларға 2,9 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда (2,6 млрд теңге) айтарлықтай өсімді көрсетіп отыр. Негізгі экспорттық тауарлар қатарында металлургия, мұнай-химия, сондай-ақ азық-түлік өнімдері бар.
Айта кетейік, ЭКА Тәжікстанда ОАҚ «Ориёнбанк», ТР СБ ММ «Амонатбанк» және МЕМ ПЭБ «Саноатсодиротбанк» сынды қаржы ұйымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Сонымен қатар, бірқатар өзге де қаржы институттарымен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылған. Олардың қатысуымен алдағы уақытта жаңа сауда және инвестициялық мәмілелерді жүзеге асыру жоспарланып отыр.
«Мұндай ынтымақтастық қазақстандық өндірушілерге жаңа өткізу нарықтарына шығуға мүмкіндік береді, ал тәжікстандық компаниялар үшін бұл төмен мөлшерлемелер бойынша жеңілдетілген қаржыландыру тартуға, сондай-ақ жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімге қол жеткізуге жол ашады», – деп хабарлады ЭКА өкілдері.
