ЭКА «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобы арасында шахмат турнирін ұйымдастырды
Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі (ЭКА) «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ мен оның еншілес ұйымдарының қызметкерлері арасында дәстүрлі шахмат турнирін өткізді.
Қатысушыларды құттықтау сөзінде ЭКА Басқарма төрағасының орынбасары Айбол Балкин агенттік тарапынан корпоративтік мәдениетті нығайту және қызметкерлер арасында зияткерлік ойындарды дәріптеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Бүгін барша әріптестерімізді бір алаңға жинап отырғанымызға өте қуаныштымыз! Экспорттық-кредиттік агенттік бірнеше жылдан бері қызметкерлердің зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Холдингтің еншілес ұйымдары арасындағы тығыз байланысты ескере отырып, мұндай кездесулер ерекше маңызға ие – олар бірыңғай корпоративтік рухты қалыптастырып, командалық өзара әрекеттестікті нығайтады», – деді А. Балкин.
Турнирге шамамен 25 адам қатысты. Бас төреші ретінде халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Петр Костенко шақырылды.
Турнир жеңімпазы болып «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалының І санаттағы ОРБ маманы Бекжан Жәкіпбеков танылды. Екінші орынды «Отбасы банк» АҚ Астана қаласындағы Орталық филиалының Несие сүйемелдеу және посткредиттік қызмет көрсету басқармасының әмбебап менеджері, І санаттағы маман Ерқанат Мұсабаев иеленсе, үшінші орынды «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ Тәуекелдерді басқару департаментінің бас менеджері Ан Никита Сергеевич алды.
Жеңімпаз бен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар табысталды.
