Қазақстан- Қытай бизнесіне қолдау көрсету
Астанада «Орталық Азия – Қытай» саммиті аясында Power Central Asia + China атты алғашқы өңірлік энергетикалық форумы өтті. Форумның іскерлік бағдарламасы энергетикалық көшу, инвестициялар, экспорт, технологияларды дамыту, жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) интеграциялау, сутегі энергетикасы мен су электр қоймаларының болашағы, ESG стандарттарын енгізу және индустрияландыруды тереңдету сияқты өзекті тақырыптарды қамтыды. Барлығы 22 тақырыптық панельдік сессия ұйымдастырылды.
Форум аясындағы панельдік сессиялардың бірі Қазақстан мен Қытай арасындағы ірі бірлескен жобаларды қаржыландыру мәселелеріне арналды. Сессияда спикер ретінде сөз сөйлеген «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Аян Бектыбаева ЭКА-ның индустрияландыру мен Қытаймен инвестициялық ынтымақтастықты қолдаудағы рөліне тоқталып, нақты құралдарды атап өтті.
— Біз Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық әріптестіктің өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика және басқа да салаларда зор әлеуетке ие екенін көріп отырмыз. Қазақстанның ЭКА-сы экспорттық жобаларыңызды іске асыруда қорғаныс, сенім мен жеделдікті қамтамасыз ететін сенімді құрал болуға дайын. Басты міндетіміз – коммерциялық және саяси тәуекелдерді азайту арқылы инвестициялық шешімдердің қабылдануын жеделдету, қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдету және барлық тараптың мүддесін қорғау, – деп атап өтті А. Бектыбаева.
Қытаймен ынтымақтастық аясында ЭКА ұсынатын ең сұранысқа ие құралдардың қатарында төлемді кейінге қалдыру шартымен экспортты қаржыландыру, Қытай инвесторларына Қазақстанда өндірісті жергіліктендіру кезінде қолдау көрсету, ҚХР мен ҚР арасындағы бірлескен кәсіпорындарды құруға жәрдемдесу бар.
Айта кету керек, ЭКА Қытайдың экспорттық-кредиттік агенттігі SINOSURE және бірқатар қытайлық банктермен белсенді ынтымақтасып келеді.
Форум жұмысы нақты практикалық нәтижелерге қол жеткізуге бағытталды. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытайдың жетекші компаниялары арасында стратегиялық маңызды келісімдерге қол қойылды.
