Бішкекте экспорттық-кредиттік агенттіктер басшыларының кездесуі өтті
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Сергей Куклин Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің экспорттық-кредиттік агенттіктерінің жыл сайынғы кездесуіне қатысты.
Іс-шара Бішкекте «Мемлекеттік сақтандыру ұйымы» ААҚ алаңында өтті.
Отырысқа «Мемлекеттік сақтандыру ұйымы» ААҚ (Қырғызстан) Басқарма төрағасы Эльдияр Қалдарбеков, «Белэксимгарант» МСҰ (Беларусь) бас директоры Валерий Ермошко, «ЭКСАР» АҚ (Ресей) бас директоры Никита Гусаков және «Арменияның экспорттық сақтандыру агенттігі» БЖАҚ атқарушы директоры Артак Мирзоян шақырылды.
Кездесу барысында қатысушылар былтырғы жұмыс нәтижелерін талдап, жаңа стратегиялық даму жоспарларын таныстырды. Одан бөлек, бизнес-процестерді оңтайландыру, операциялық қызметті арттыру және экспорттаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыға түсті.
Жиында қайта сақтандыру бойынша серіктестік, сауданы қаржыландыру құралдарын дамыту және андеррайтинг әдіснамаларын жетілдіру мәселелері де қозғалды. Қатысушылар «жасыл» экспортқа жағдай жасау және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған жобаларға инвестиция тарту мәселелерін алға тартты.
Сергей Куклин өз сөзінде ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сақтандыруды қолдау жүйесін жетілдіру және елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынасты нығайту үшін іс-шара маңызды алаңға айналғанын атап өтті.
«ЭКА басшыларының дәстүрлі жиынында қолдау құралдарын жетілдіру бойынша ең өзекті әрі нақты қажеттіліктерді айқындап отырмыз. Бұл біз үшін аса маңызды, өйткені Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі портфеліндегі келісімшарттардың едәуір бөлігі ЕАЭО елдеріне тиесілі. Бұл арқылы серіктестіктің нақты, практикалық мазмұнға ие екенін байқауға болады», — деді С. Куклин.
Іс-шараның қорытындысы бойынша экспорттық-кредиттік агенттіктер жұмысының тиімділігін арттыруға және олардың халықаралық саудаға ықпалын күшейтуге бағытталған ұсыныстар айтылды.
Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі 96 экспорттаушыға 336 миллиард теңгеден астам сомаға қолдау көрсетті. Былтыр барлығы 488 келісімшарт қолдау тапты.