Экспорттық-кредиттік агенттік Италия – Қазақстан іскерлік форумына қатысты
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» («Бәйтерек «ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) Италия-Қазақстан жеткізу тізбегі бойынша халықаралық форумға қатысты.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, іскерлік орта мен салалық қауымдастықтардың 350-ден астам өкілі жиналды. Қатысушылардың едәуір бөлігін ірі өнеркәсіптік корпорациялардан бастап шағын және орта бизнес өкілдеріне дейін қамтыған итальяндық компаниялар құрады.
Форумда Қазақстан мен Италия арасындағы логистика, сауда, индустриялық жобалар және жеткізу тізбектерін дамыту мәселелері талқыланды. Одан бөлек, Қазақстанда өндірілетін агроөнеркәсіптік өнімдер, металл және мұнай-химия тауарларын Италия мен Еуропа елдеріне экспорттаудың перспективалары, сондай-ақ жергілікті өндірісті арттыру жолдары қарастырылды.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Италия Республикасына жасаған ресми сапары аясында қол жеткізілген келісімнің нәтижесінде мүмкін болды. Президенттің былтырғы сапары екі ел арасындағы сауда және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуды көздеді. Сонымен қатар, форум 2024 жылдың қазанында Миланда өткен Қазақстан – Италия бизнес-форумының жалғасы болды.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов форум аясында CDP Cassa Depositi Көпжақты институттар мен мемлекеттік даму банктерін қаржыландыру бөлімінің басшысы Дэвид Петранжелимен кездесті. Қос тарап Италияның «SACE» экспорттық-кредиттік агенттігімен («SACE» CDP компаниялар тобына кіреді) ынтымақтастық одан әрі күшейту мәселелерін алға тартты.
Оған қоса, форумның панельдік сессиясында Агенттік Басқарма төрағасының орынбасары Аян Бектібаева екі ел арасындағы кооперацияның маңызы мен мүмкіндіктерін атап өтіп, экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға бірлесіп қолдау көрсетуге шақырды.
«Қазақстан мен Италияға бірлескен кәсіпорындар құру үшін бар мүмкіндік жасалған. Бұл жан-жақты дамып, жаһандық нарықтарды бағындыратын жол. Одан бәріміз де ұтамыз: Қазақстан үшін бұл технологияларға және еуропалық жеткізу тізбектеріне шығу болса, ал Италия үшін – шикізатқа тұрақты түрде қол жеткізу және оған тікелей қол жеткізу арқылы өндіріс құнын төмендету мүмкіндігі – деп атап өтті А. Бектібаева. – Біздің агенттік Қазақстанда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті итальяндық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Біздің құралдар қатарында шетелдік импорттаушыларды қолдауға бағытталған нақты тетіктер бар».
Форум қорытындысы бойынша тараптар экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа бірлескен жобаларды қарастыруға бағытталған B2B-кездесулер өткізді.
Италия – Қазақстан жеткізу тізбектері форумы Астана халықаралық форумымен тұспа-тұс келіп, екіжақты қарым-қатынасты күшейтетін маңызды кезеңге айналды. Іс-шара инновацияларды көбейтуге, өнеркәсіптік өсімді ынталандыруға және тұрақты трансшекаралық ынтымақтастықты дамытуға серпін берді. Форум сондай-ақ жаһандық жеткізу тізбектерінің негізгі салаларында екі ел арасындағы ұзақмерзімді серіктестікті нығайтуға бағытталған кешенді жол картасының негізгі кезеңі ретінде өтті.
Форумды ұйымдастырушылар – Италия-Қазақстан сауда қауымдастығы, Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі, Италия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі және Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшілігі.
Еске сала кетейік, 2024 жылы «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ мен Италияның экспорттық-кредиттік агенттігі «SACE» өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған еді. Құжат Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, Орталық Азияда бизнес жүргізуге ниетті итальяндық компанияларды қолдауға, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындардың Италия нарығына шығуын және онда тұрақты түрде саудамен айналысуын қамтамасыз етуге бағытталған.