Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі TXF конференциясында өз мүмкіндіктерімен таныстырды
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мәдина Ержанова Вена қаласында өткен TXF экспорт және сауданы қаржыландыру саласындағы ірі халықаралық конференциясының жұмысына қатысты.
Іс-шара жаңа серіктестік байланыстар орнату және нарықтағы негізгі үрдістерді талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
TXF қатысушыларының қатарында банктердің, экспорттық-кредиттік агенттіктердің өкілдері, экспорттаушылар, жабдық өндірушілер, девелоперлер мен инвесторлар болды.
«Дамушы нарықтардың мүмкіндіктері: Орталық Азияның әлеуетін ашу» сессиясының шеңберінде Мәдина Ержанова іс-шара қатысушыларына сауда қатынастарын дамытуды ынталандыратын бірлескен жобаларда компанияларға қолдау көрсету құралдарын және тәуекелдерді еуропалық серіктестермен бөлу тетіктерін қоса алғанда, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің өңірдегі мүмкіндіктерімен және құзыреттерімен таныстырды.
«Біз дәстүрлі сақтандыру компаниясы ретінде қызмет еткен 20 жылдан кейін биыл Экспорттық-кредиттік агенттік ретінде қайта құрылып, Орталық Азиядағы осындай алғашқы институтқа айналдық. Агенттік әртүрлі ынтымақтастық нысандарына әзір, өйткені экспортты ілгерілету институттарының болуы өңірдегі барлық елдер үшін тиімді әрі олардың халықаралық нарықтағы позицияларын нығайта түседі. Бұл біздің экономикаларымыздың экспорттық қаржыландыру саласындағы тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Біз отандық экспорттаушыларға қолдау көрсете отырып, халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілеттілікті арттырамыз, бұл шетелдік сатып алушылар мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай туғызады», - деп толықтырды М. Ержанова.
Конференцияның қорытындысы бойынша қатысушылар шикізаттық емес экспортты бірлесіп сақтандыру және қайта сақтандыру мәселелерінде өзара ынтымақтастықты кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Сараптамалық ақпаратпен алмасу және халықаралық жобаларға бірлесіп қатысу мүмкіндіктерін қоса, бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды.