Экспортқа жол сапалы өнімнен басталады | БАҚ біз туралы | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

БАҚ біз туралы

Экспортқа жол сапалы өнімнен басталады

Халықаралық нарыққа шығуға сапалы тауар өндіру жеткіліксіз. Шетелдік сатып алушы өнімнің сапасымен бірге оны уақтылы жеткізуге, тұрақты көлемде өндіруге, сатудан кейінгі қызметке, қаржылық есеп айырысудың қолайлылығы мен серіктестік міндеттеменің орындалуына қарайды. Демек экспорттағы бәсеке – бір ғана тауардың емес, тұтас өндірістік әрі сервистік жүйенің сапасына сын.

Бүгінгі сатып алушы тауар­дың бағасын сұраумен шектелмей­ді. Өнім қаншалықты сапалы, қанша уа­қытта жеткізіледі, мәселе туындаса өндіруші қаншалықты жедел жауап береді – халықаралық нарықтағы таңдау осы талаптардың бәріне байланысты.

Отандық өнімнің сыртқы нарықта орнығуына оның артында сенімді өндіріс, тұрақты қаржыландыру, жолға қойылған логистика, заманауи сервис пен сатып алушы талабына бейімделе алатын кәсіпорын тұруы керек.

Бұл ретте экспортты қолдау тетік­терінің сапасы да маңызды. Қаржы уақытында жетпесе, сапалы өнімнің өзі нарықтағы мүм­кіндігін жоғалтады. Өнім дайын болғанымен, жеткізу мер­зімі бұзылса, серіктестің сені­мі әлсірейді. Осы тұрғыдан алғанда Экспорт­тық-кредиттік агенттігінің (ЭКА), «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы жұ­­мы­сы қаржылай қолдаумен ғана шек­телмейді. ЭКА кәсіп­орындардың сыртқы нарықтағы тәуекелдерін азайтып, қаржы тартуына, бәсекелік мүмкіндігін арттыруға жағдай жасайды.

ЭКА басқарма төрағасының орын­басары Мәдина Ержано­ваның айтуын­ша, экспорттаушыға басты міндет – сыртқы нарықтағы бәсекелестік артық­шылықты қалыптастыру.

– Біздің міндетіміз – ықтимал шығын­дарды азайту ғана емес, отан­дық экспорттаушыларға орнық­ты бәсе­келестік артықшы­лықтар сыйлау. Атап айтқанда, шетелдік әріптестерге төлемнің икемді шарттарын ұсы­нуға, қолжетімді капитал тартуға әрі жаһандық жаңа тетіктерді сенімді меңгеруге мүмкіндік беру, – дейді М.Ержанова.

Өнімнің халықаралық стан­дарт­қа сай болуы – алғашқы шарт. Оған тауарды уақытында жет­кізу, келісілген көлемді сақтау, қар­жылық міндеттемелерді орын­дау, құжаттарды дер кезін­де рәсім­деу мен техникалық қол­дау да кі­ре­ді. Демек, сыртқы нарық­тағы се­ріктес үшін сапа – тауар­дың ғана емес, оған қызмет ететін бүкіл жүйенің өлшемі.

Шымкенттегі «Standard Steel KZ» кәсіпорнының тәжірибесі осыны көрсетеді. Компания өндірістік қал­дық­тарды қайта өң­деп, құрамында мыс пен мырыш бар концентраттар шыға­рады. Кәсіпорын сыртқы нарыққа шығу­ды өндіріс моделінің алғашқы кезеңінен жоспарлаған. Себебі мұндай өнімді елімізде терең өңдейтін қуаттың шектеулі болуы экспортты өндірістің табиғи бағытына айналдырған.

– Сыртқы нарыққа шығу бас­тапқы бизнес-модельдің өзінде қарастырылған. Себебі біз өндіре­тін концентраттар әрі қарай терең металлургиялық өңдеуді талап етеді, ал елімізде бұл өнімді өңдейтін қуатты технологиялық кәсіпорындар саусақпен санар­лық. Сол себепті мұндай шикі­затқа сұраныс жоғары әрі өңдеу өнеркәсібі дамыған шетелдік нарықтарға бет бұру ең қисынды әрі дұрыс шешім болды, – дейді компанияның бас эко­номисі Жанна Кеулімжайова.

Кәсіпорын алғашқы экспорт­тық жеткізілімге дейін өндірістік үдерістерін жүйелеп, өнім сапа­сын сатып алушы талаптарына сәй­­­кестендіріп, логистиканы жол­­­ға қойған. Сондықтан ал­ғаш­­қы өнім­ді шетелге жөнелту кезін­­де ай­тарлықтай қиындық тумаған.

– Экспорттық жеткізілім­дер­дің өзін­де аса өрескел қиындық­тар туында­ған жоқ. Өйткені дайын­­дық жұмыста­ры алдын ала тыңғы­лықты жүргізілді: өндірістік үде­рістер жүйеленіп, өнім сапасы сатып алушылардың талаптарына толық сәйкестендірілді әрі логис­тика жолға қойылды. Әрине, сыртқы сауда құжаттарды мұқият әзірлеуді және түрлі елдердің заңнамалық талаптарын қатаң сақтауды талап етеді. Кәсіби коман­дамыздың біліктілігі мен жос­парлы жұмыстың арқасында алғаш­қы өнім сәтті жөнелтілді, – дейді бас экономист.

Халықаралық нарыққа шығу кәсіп­орынды өнім сапасымен бірге бүкіл өндірістік тізбекті жетілдіруге жетелейді. «Standard Steel KZ» инвестициялық келісім­шарт аясындағы салықтық преференцияларды пайдаланып, ЭКА-ның қаржылық құралдары арқылы айналым қаражатын ұл­ғайтқан. Бұл экспорттық келі­сім­шарттарды уақытында орын­дап, өндірісті кеңейтуге мүм­кіндік берді. Тұрақты сұраныс кәсіпорын қуатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнім өткізу географиясын кеңей­туге жол ашты. Қазір компания Қытай мен Орталық Азияға өнім жөнелтіп, Ресей нарығына шығуды жоспарлап отыр.

Мұндай кәсіпорындарды қол­дау ЭКА жұмысының ауқымынан да көрінеді. Биылғы алғашқы алты айда өңдеуші секторға көрсетілген қолдау 418,5 млрд теңгеге жетті. Былтырғы сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 332,7 млрд теңге болған. Агенттіктің сақтандыру сыйымдылығы 941 млрд теңгеге жетіп, жыл соңына қарай 1,2 трлн теңгеге дейін ұлғаймақ. Кейінгі бес жылда ЭКА 300-ден астам экспорттаушыға қолдау көрсетіп, ел үшін жиынтық экономикалық тиімділік 7 трлн теңгеден асты.

– Биылғы алғашқы алты айда ЭКА құралдарын 69 кәсіп­орын пайдаланды, оның 61 пайызы – шағын және орта бизнес. Экспорт географиясы да кеңейіп, отандық өнім 50-ден астам елге, соның ішінде Орта­лық Азия, Қытай, Еуропа, Таяу Шы­ғыс, АҚШ пен Африка нарық­та­рына шығарылуда. Ендігі мін­дет – экспорттаушылардың мүмкіндігін кеңейту үшін қар­жыландыру тетіктерін жетіл­діріп, шетелдік банктермен ын­тымақтастықты күшейту, – дейді Мадина Ержанова.

Экспорттық әлеуеті жоғары сала­лар қатарында тамақ өнер­кә­сібі, машина жасау, химия, ме­­тал­лургия, агроөнеркәсіп ке­ше­ні мен жеңіл өнеркәсіп бар. Әсі­ре­се қосылған құны жоғары ет, сүт, ұн-жарма, кондитерлік өнім­­дер мен терең өңделген тауар­­ларды сыртқы нарыққа шыға­­ру маңызды. Бұл бағытта ЭКА «Экс­порттаушының жеке каби­неті» арқылы өтінім беру мен құжат айналымын цифрландырса, «Экспорттаушы­лар витринасы» B2B платформасында «Made in Kazakhstan» брендімен 135 компанияның 420-дан астам тауары ұсынылған.

Өйткені халықаралық нарықта бір рет өнім өткізу жеткіліксіз. Тұрақты сатып алушыға айналу үшін тауар сапасымен бірге өндіріс, қаржы, логистика, сервис пен жеткізу тәртібі де мінсіз болуы керек. Келісілген өнім уақытында жетіп, қызмет көрсету сапасы көңілден шықса, кешегі сатып алушы ертеңгі тұрақты серіктеске айналады.

Сондықтан экспортқа жол зауыт қақпасынан емес, сападан басталады. Ал оның өлшемі – өнімнің техникалық сипаттамасымен ғана емес, тұтынушы қолына жеткенге дейінгі бүкіл үдерістің сапасымен айқындалады.

источник: https://egemen.kz/news/eksportqa-zhol-sapaly-onimnen-bastalady

consultation Кеңес ал!