Экспорттың цифрлық форматы | БАҚ біз туралы | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

БАҚ біз туралы

Экспорттың цифрлық форматы

2026 жылы Қазақстанда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға ерекше назар аударылуда.

Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі классикалық сақтандыру институты моделінен жаңа модельге — экспортты қолдаудың цифрлық платформасына нақты көше бастады.

Шикізаттық емес экспортты дамыту стратегиялық міндет болып табылатын Қазақстан үшін цифрлық шешімдер біртіндеп экономиканы дамытудың маңызды құралына айналып келеді, ал цифрландыру елдердің, салалардың және компаниялардың жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторына айналуда.

2026 жылы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға ерекше мән берілді. Мемлекет басшысы зияткерлік меншікті қалыптастыру және IT-секторды экспортқа бағыттау басымдықтарын нақты айқындады, сондай-ақ цифрлық теңгені және банкаралық QR-төлемдерді енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл қолдаудың жекелеген шараларынан бірыңғай цифрлық экожүйе құруға көшуді білдіреді, онда мемлекеттік даму институттары, қаржы ұйымдары және экспорттық құрылымдар өзара тығыз байланыста жұмыс істейді.

Жақында өткен Digital Qazaqstan 2026 форумында Үкімет бизнестің өмірлік циклін толық цифрландыруға — тіркеуден бастап сыртқы нарықтарға шығуға дейін — басымдық беріп отырғаны атап өтілді.

Бұл экожүйенің негізгі элементтерінің бірі — «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы болып табылатын Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің цифрлық трансформациясы.

«Бизнес үшін кедергісіз цифрлық орта құрудағы нақты қадам — 2024 жылдың желтоқсанында іске қосылған “Экспорттаушының жеке кабинеті” жобасы болды», — деді ЭКА басқарма төрағасы Аллен Чайжунусов. «Біз нақты уақыт режимінде кредиттерді мониторингтеу сервистері мен бизнеске арналған цифрлық платформалардың тәжірибесін зерттеп, bgov.kz порталымен интеграцияланған платформаны жасадық. Бұл біз үшін тек интерфейс емес, стратегиялық шешімдер қабылдауға арналған деректер жинау құралы, ал бизнес үшін — мемлекеттік қолдауды онлайн алу мүмкіндігі».

Негізінде, бұл экспортты қолдау саласында «бір терезе» қағидатын қалыптастыруды білдіреді. Бұрын қаржылық және сақтандыру қолдауын алу көп уақытты талап етіп, офлайн рәсімдерге тәуелді болса, бүгінде процестердің басым бөлігі цифрлық форматқа көшірілді. Бұл әсіресе шағын және орта бизнес үшін маңызды, өйткені әкімшілік кедергілер көбіне экспортқа шығудағы негізгі тосқауыл болып табылады.

Отандық экспорттаушылар «Жеке кабинет» артықшылықтарын жоғары бағалады. Кәсіпкерлердің пікірінше, онлайн форматқа көшу қағазбастылықты азайтып, өтінім беру процесін жедел әрі ашық етті.

Қазіргі таңда шамамен 150 кәсіпорын цифрлық платформаны пайдаланып, агенттіктің 20-дан астам қолдау құралдарына қол жеткізуде — экспорттық келісімшарттарды сақтандырудан бастап кепілдіктер мен алдын ала қаржыландыруға дейін.

Цифрландырудың келесі кезеңі — «Экспорттаушылар витринасы» халықаралық платформасы. Бұл Made in Kazakhstan өнімдерінің цифрлық каталогы болып табылады және шетелдік сатып алушылар мен серіктестерге бағытталған. Платформа шетелдік компанияларға қазақстандық өндірушілерді табуға, өнімдерімен танысуға және тікелей іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

«Платформада тек агенттік тексерісінен өткен, верификацияланған өндірушілер ұсынылған. “ЭКА тексерген” мәртебесі сенімділіктің кепілі болып, тәуекелдерді азайтады және қазақстандық экспорттаушылар мен шетелдік сатып алушылар арасындағы сенімді нығайтады», — деп түсіндірді Аллен Чайжунусов.

Платформада қазірдің өзінде 200-ден астам қазақстандық өнім ұсынылған және бұл тізім үнемі кеңейіп келеді. Болашақта мұндай цифрлық шешімдер электрондық экспортты кеңейтудің толыққанды құралына айналуы мүмкін.

Өткен жылы Экспорттық-кредиттік агенттік көрсеткен қолдау көлемі 650 млрд теңгеден асты — бұл 2024 жылмен салыстырғанда шамамен екі есеге көп. 120-дан астам компания қолдау алды, олардың әр алтыншысы алғаш рет экспорт нарығына шықты. Сонымен қатар, қолдау алған жобалардың 70%-дан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі болды.

Агенттік қолдауымен жүзеге асырылған жобалардың жиынтық экономикалық әсері 2,3 трлн теңге деңгейінде бағаланады. Бұл мемлекеттік қолдаудың мультипликативтік әсерін көрсетеді: өндірісті, жұмыспен қамтуды, салық түсімдерін және валюталық кірістерді ынталандырады.

Жалпы алғанда, бұл экономикадағы құрылымдық өзгерістерді көрсетеді: экспорт әртараптандырылып, оның құрылымында жоғары және орта қосылған құны бар өнімдердің үлесі артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің өндірісі 6,4% өсім көрсетті, ал өңделген өнім экспорты соңғы жылдары екі еседен астам артты.

Бүгінде цифрландыру — капитал мен сақтандыруға қол жеткізу жылдамдығы бәсекеге қабілеттілік факторы болатын жаңа саясат моделін қалыптастырып отыр. Қазіргі жағдайда «өтінім – шешім» циклі ең жылдам елдер ұтады.

Экспорттық-кредиттік агенттікте «Жеке кабинеттен» бастап «Экспорттаушылар витринасына» дейін ыңғайлы құралдар енгізілген. Маңызды кезеңдердің бірі — жобаларды талдауға арналған AI-ассистентті қоса алғанда, жасанды интеллект құралдарын енгізу, бұл скоринг пен тәуекелдерді бағалауды айтарлықтай жеделдетеді.

Алайда цифрлық трансформация өзара күш-жігерді талап етеді. Мемлекет инфрақұрылымға инвестиция салып жатқанымен, бизнес те ішкі процестерін автоматтандыруы қажет, өйткені мәмілелердің табысты болуы компаниялардың цифрлық өзара әрекетке дайындығына байланысты.

Цифрлық сервистерді дамыту — бұл тек технология мәселесі емес, Қазақстанның әлемдік нарықтардағы қатысуын кеңейтудің нақты мүмкіндігі.

Дереккөз: https://liter.kz/eksport-v-tsifrovom-formate-1775669134/

consultation Кеңес ал!