Қазақстан мен Тәжікстан: іскерлік ынтымақтастық
18 наурыз күні Душанбе қаласында Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің іскерлік байланыстарды нығайтуға және экспортты қолдаудың қаржылық құралдарын таныстыруға арналған ресми іс-шарасы өтті.
Іс-шараға Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Валихан Туреханов, Тәжікстан Ұлттық банкі мен Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығы, сондай-ақ республиканың банк секторлары мен іскерлік қауымдастықтарының өкілдері қатысты.
Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің Тәжікстан Республикасындағы өңірлік директоры Рамеш Худоиев қатысушылардың Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда қатынастарын белсенді дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, мүдделі компаниялар үшін ашылатын перспективалар мен мүмкіндіктерді айқындады.
Кездесу барысында Тәжікстан банктерінің рөлі мен бизнестің одан әрі өсуіне арналған қаржылық құралдарға ерекше назар аударылды. Қолданыстағы банк-серіктестердің қатарында ГУП СБ «Амонатбанк», ОАО «Ориёнбанк», ГУП ПЭБТ «Саноатсодиротбанк» атап өтілді. Сондай-ақ әлеуетті банк-серіктестер — ЗАО «Банк Арванд», ЗАО «Фридом Банк Таджикистан» және ЗАО «Инвестиционный кредитный банк» тарапынан қызығушылық танытылды. Аталған банктермен тауар айналымын 2 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту мақсатында саудалық қаржыландыру тетіктерін интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Екі ел арасындағы тауар айналымының тұрақты өсімі байқалады. Сонымен қатар ЭКА мен «Себистон-2018» ЖШҚ арасында серіктестік туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар бұл келісімдер бірлескен жобаларды, әсіресе азаматтық құрылысты жаңғырту саласындағы жобаларды іске асыру үшін берік негіз болатынына сенім білдірді.
Іс-шара қорытындысы бойынша қазақстандық өнімдерді жеткізуге қызығушылық танытқан импорттаушылар мен саудалық қаржыландыру құралдары арқылы мәмілелерді қолдауға дайын екінші деңгейлі банктердің қатысуымен B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылды.
2025 жылы Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі металлургия, мұнай-химия және тамақ өнеркәсібі өнімдерін жеткізу бойынша қазақстандық өндірушілердің экспорттық келісімшарттарына жалпы сомасы 185 млн АҚШ долларына қаржылық және сақтандыру қолдауын көрсетті. Қолдау қысқа мерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру, экспорттық кредиттерді сақтандыру және экспорттық құжаттамалық аккредитивтерді сақтандыру сияқты құралдар арқылы жүзеге асырылды. Сақтандыру жаңа импорттаушылармен жасалған келісімшарттарға да қолданылды. Қабылданған міндеттемелердің жалпы көлемі 7,6 млрд теңгені құрады.
Дереккөз: https://imruz.tj/central-asia/34277/
