AIF-2025: «Бәйтерек» холдингі көпмиллиондық инвестициялар тартып, стратегиялық әріптестікті кеңейтуде | БАҚ біз туралы | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

БАҚ біз туралы

AIF-2025: «Бәйтерек» холдингі көпмиллиондық инвестициялар тартып, стратегиялық әріптестікті кеңейтуде

Astana International Forum аясында «Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес ұйымдары шетелдік ірі инвесторлармен бірқатар меморандумдарға қол қойып, өзара келісімдерге қол жеткізді.

Не болды


Астанада өткен Astana International Forum (AIF) жұмысына «Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес компаниялары белсенді қатысты. Форум барысында инфрақұрылымды дамыту, «жасыл» экономика мен кәсіпкерлікті қолдау бағыттарында халықаралық серіктестермен стратегиялық келісімдер жасалды.

Бұл не үшін маңызды


Форумда Орталық Азия тікелей инвестициялар қорының құрылуы, су шаруашылығы жүйелерін жаңғырту жобаларын қаржыландыру, ондаған миллион доллар көлеміндегі «жасыл» бастамалар, сондай-ақ халықаралық институттармен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Бұл қадамдар Қазақстанның тұрақты дамудың өңірлік орталығы және инвестиция салуға қолайлы ел ретіндегі позициясын нығайта түседі.

Халықаралық келісімдер


Форумның басты оқиғаларының бірі – «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасы Рустам Қарағойшиннің Oman Investment Authority делегациясымен кездесуі болды. Тараптар логистика, электрондық сауда және тамақ өнеркәсібі салаларындағы жобаларға бағытталған Орталық Азия тікелей инвестициялар қорын құру мәселесін талқылады. Аталған қордың аймақтық кеңсесін Астанада ашу мүмкіндігі қарастырылуда.

«Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин мен Oman Investment Authority төраға орынбасары Мулхам Әл-Джарф

«Біз Орталық Азия тікелей инвестициялар қорына қатысуды бүкіл өңірдің дамуына ықпал ететін капитал тартудың тиімді жолы әрі экономикалық байланыстарды нығайтудың стратегиялық мүмкіндігі ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті Рустам Қарағойшин.

«Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин мен ЕҚДБ бірінші вице-президенті Юрген Ригтеринк меморандумға қол қойды

«Бұл меморандум тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен энергетика салаларын жаңғыртуда күш-жігерімізді біріктіруге, жаңа пилоттық қалаларды айқындауға және инфрақұрылымды жақсарту бойынша нақты іске кірісуге мүмкіндік береді. Бұл – біздің «Бәйтерек» холдингімен және оның еншілес ұйымдарымен стратегиялық әріптестікті кеңейтуге бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі», – деп атап өтті Юрген Ригтеринк.

Сондай-ақ холдинг басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжановтың Meridiam, POMA, CLEIA, SUEZ, VOCAT, ARTERAIL, MND сынды жетекші француз компанияларымен кездесуі өтті. Кездесу барысында орнықты даму, өнеркәсіптік инжиниринг, жаңартылатын энергия көздері, инфрақұрылымдық және аграрлық қаржыландыру, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау салаларындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Холдинг осы бағыттарда қаржылық қолдау құралдарын ұсынуға дайын екенін білдірді.

Энергия тұтынуды азайтуға – 50 млн АҚШ долларына дейін

«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» еншілес ұйымы Еуропалық инвестициялық банкпен меморандумға қол қойды. Құжат шеңберінде банк ғимараттардың энергия тұтынуын 20%-ға дейін төмендетуді көздейтін «жасыл» жобаларды қаржыландыруға 50 млн АҚШ долларына дейін қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруда.

"Қазақстан тұрғын үй компаниясы" басқарма төрағасы Алтай Құздыбаев пен Еуропалық инвестициялық банк вице-президенті Кириакос Какурис меморандумға қол қойды

«Азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және заманауи, жайлы қалалық ортаны дамыту – Қазақстан тұрғын үй компаниясының басты басымдықтарының бірі. Еуропалық инвестициялық банкпен (EIB Global) меморандумға қол қою — ұлттық басымдықтарға және жаһандық климаттық сын-тегеуріндерге сәйкес келетін халықаралық ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді бастамаларын іске асырудағы маңызды қадам. Біз бұл әріптестік Қазақстанда тұрғын үйдің жаңа стандартын қалыптастыруға және орнықты, энергия үнемдейтін тұрғын үй жобаларын дамытуға ықпал етеді деп сенеміз», – деді "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Алтай Құздыбаев.

Сондай-ақ шағын және орта бизнесті, жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) және өзге де инфрақұрылымдық бастамаларды қолдауға бағытталған инвестициялар мәселесі талқылануда.

Италиямен бірлескен жобалар – 200 млн еуроға дейін

Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонидің Қазақстанға сапары аясында «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) Cassa Depositi e Prestiti және SACE ұйымдарымен ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Бұл декларация ҚДБ мен италиялық даму институттары арасындағы ынтымақтастықтың қисынды жалғасына айналды.

Cassa Depositi e Prestiti және SACE ұйымдарымен ынтымақтастық декларациясына қол қою

CDP және SACE агенттігімен әріптестік 2024 жылғы қаңтарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға ресми сапары кезінде басталды. Сол кезде Қазақстанның Даму Банкі SACE агенттігімен меморандумға қол қойып, CDP ұйымымен 200 млн еуро көлемінде несие келісімін жасасты. Бұл келісім италиялық институттың сақтандыру кепілдігімен қамтамасыз етілген.

Бұған қоса, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы — Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Италия–Қазақстан жеткізу тізбектері бойынша халықаралық форумға қатысты. Іс-шараға 350-ден астам бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар қатысты. Форум аясында қазақстандық өнім жеткізілімі мен бірлескен өндірістерді іске қосу мәселелері талқыланды.

«Қазақстан мен Италия арасында бірлескен кәсіпорындар құрудың жоғары әлеуеті бар. Бұл екі тарапқа да тиімді: Қазақстан үшін – технологиялар мен еуропалық жеткізу тізбектеріне қол жеткізу, ал Италия үшін – шикізатқа тұрақты қолжетімділік пен өндіріс шығындарын азайту мүмкіндігі», – деді форум барысында «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Аян Бектыбаева.

Отбасы банк пен IFC: стратегияны дамыту және бюджетке тәуелділікті азайту

Форум аясында «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Отбасы банк» АҚ пен Дүниежүзілік банктер тобына кіретін Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Халықаралық қаржы корпорациясымен келісімге қол қою

IFC «Отбасы банкінің» даму стратегиясын іске асыру бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуде консультациялық қызметтер көрсететін болады. Басты мақсат – банктің операциялық моделін нығайту және бюджет қаражатына тәуелділікті азайту арқылы жеке капиталға қол жеткізуді қамтамасыз ету. Ынтымақтастық аясында жаңа қаржылық өнімдерді әзірлеу және банктің бәсекеге қабілеттілігін арттыру да жоспарлануда.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО) ынтымақтастық

«Бәйтерек» холдингінің тағы бір еншілес ұйымы – Аграрлық несие корпорациясы да форум аясында белсенді жұмыс жүргізді. Корпорацияда БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Байланыс және серіктестік бюросы өкілдерімен кездесу өтті. ФАО-ның Инвестициялық орталығының директоры Мохамед Манссури төрт бағытта ынтымақтастық орнатуға болатынын атап өтті: агросектордағы инвестициялық бағдарламаларды әзірлеу, жобаларды дайындауға қолдау көрсету, жеке инвестицияларды (соның ішінде ЕҚДБ арқылы) қолдау, сондай-ақ инновациялық құралдар арқылы жеке капитал тарту.

Аграрлық несие корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сапулатовтың айтуынша, корпорация мен оның еншілес ұйымы – «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қазақстандағы ауыл шаруашылығын қаржыландырудың негізгі институттары болып табылады. 2024 жылы корпорация 822 млрд теңгеге (шамамен 1,5 млрд доллар) қолдау көрсетті, ал несие портфелінде 80 мыңнан астам фермер бар. 16 мың шаруашылыққа көмек көрсетіліп, 10,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы берілді. 2025 жылы қаржыландыру көлемін 1 трлн теңгеге (шамамен 2 млрд доллар) дейін ұлғайту жоспарлануда, оның ішінде бүгінгі таңда 500 млрд теңге бөлінді.

Контекст
Астана халықаралық форумы (AIF) «Connecting minds, shaping the future» ұранымен өтті. Форумды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Форумның мақсаты – жаһандық өзгерістер жағдайында, әсіресе экономика, климат және мемлекетаралық қатынастар саласында халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Екі күндік іс-шараға Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Африка елдерінен 160-тан астам спикер мен 7 мыңнан астам қатысушы жиналды.
Дереккөз:https://bes.media/news/aif-2025-holding-bayterek-privlekaet-mnogomillionnie-investitsii-i-rasshiryaet-strategicheskoe-partnyorstvo-dbb987/
consultation Кеңес ал!