Қазақстанда май өнімдері экспортын қаржыландырудың жаңа бағдарламасы іске қосылды | Баспасөз релизі | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Баспасөз релизі

Қазақстанда май өнімдері экспортын қаржыландырудың жаңа бағдарламасы іске қосылды

Бүгін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ алаңында  «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ, «Қазақстанның даму банкі» АҚ және еліміздегі ірі май өңдеу кәсіпорындары – «Altyn Shyghys» ЖШС мен «Qazaq-Astyq Group» ЖШС арасында үшжақты келісімге қол қойылды.

Келісім жаңа бірлескен бағдарлама аясында жасалды. Бағдарлама май өнімдерін форвардтық жолмен сатып алуға бағытталған экспорт алдындағы қаржыландыруды көздейді.

Жаңа бірлескен жоба экспорттаушылардың өндіріс ауқымын кеңейтіп, олардың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады. Бұл қадам, нақтысын айтқанда, агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына ықпал етеді.

«Қазақстандық май өнімдері өндірушілерінің мүмкіндігі зор және біз олардың ұлттық экспорт көлемін ұлғайтудағы маңызын жетік түсінеміз. Отандық өндірушілер экспорт алдындағы қаржыландыру, оның ішінде майлы дақылдарды форвардтық жолмен сатып алу арқылы экспорттық келісімшарттар бойынша міндеттемелердің уақытында орындалуын өз бақылауына алады. Бұл өз кезегінде дайын өнім экспортын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді»,деді Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов.

Жаңа бірлескен бағдарлама аясында бірінші болып қолдау тапқан – «Altyn Shyghys» ЖШС мен «Qazaq-Astyq Group» ЖШС. 

Қазақстанның даму банкі «Altyn Shyghys» кәсіпорнына 15 миллиард теңгеге дейін, ал Qazaq-Astyq Group компаниясына 8 миллиард теңгеге дейін қаржыландыру ұсынады. Бұл қаражат отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінен шикізатты форвардтық жолмен сатып алуға, оны терең өңдеуге және дайын өнімді экспорттауға бағытталады.

Ал Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Қазақстанның даму банкіне жеңілдетілген мөлшерлемемен шартты қаржыландыру ұсынып, сондай-ақ экспорттаушылардың келісімшарттарын сақтандыру арқылы төлемді кейінге қалдыру тетігін енгізеді. Бұл экспорттаушылар үшін сыртқы нарықта туындайтын тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі май өндіру  саласын екінші деңгейлі банктер арқылы да қаржыландыру механизмін іске асырды. Осы жоба шеңберінде 2024 жылдың мамырында экспорттаушы «Шымкентмай-Доня» ЖШС-ға қолдау көрсетілді.

Қазақстанның май өнеркәсібі 2025–2026 жылдары тұрақты өсіммен қатар, сыртқы нарықтағы позицияларын одан әрі нығайтады деген болжам бар.

Елімізде күнбағыс, рапс, соя, зығыр, мақсары және мақта тәрізді дақылдарды өңдеумен айналысатын 55 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл өнімдер Орталық Азия, Еуропа, Таяу Шығыс және Қытайға экспортталып жатыр.

2025 жылы майлы дақылдар егіс көлемі 12,4 пайызға артып, 3,3 миллион гектарға жетуі мүмкін. Осы өсімнің нәтижесінде Орталық Азия елдеріне өсімдік майы мен ұн экспорты 6–10 пайызға ұлғайып, 580–600 мың тоннаға жетеді.

Майлы дақылдарды өңдеушілер қауымдастығының деректеріне сүйенсек, 2023/24 маусымында май өнімдерінің экспорты 1 миллион тоннадан асып, 30 пайызға дейін өскен. Қазақстан күнбағыс ұнын Еуропа елдеріне жеткізетін 5 ірі елдің қатарына енсе, 2022 жылдан бастап күнбағыс майын экспорттайтын әлемнің жетекші ондығына кірді.

chat Кеңес ал!