ЭКА Берн одағының көктемгі жиынына қатысты | Баспасөз релизі | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Баспасөз релизі

ЭКА Берн одағының көктемгі жиынына қатысты

2025 жылғы 13–16 мамыр аралығында Дубровник қаласында Берн одағының жыл сайынғы көктемгі жиналысы өтті. Жиында экспортты несиелеу мен инвестицияларды сақтандыру саласындағы сарапшылар, қаржы мамандары, экспорттық-кредиттік агенттіктер мен эксимбанктердің басшылығы қатысты. Олардың қатарында Bpifrance, Credendo, Allianze (Euler Hermes), Sace, Sinosure, АҚШ Эксимбанкі және басқа да ұйымдар бар.

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) да жиналысқа қатысты. Агенттік делегациясын Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов басқарды.

Айта кетейік, ЭКА 2015 жылдан бері Берн одағының Прага клубының мүшесі.

Берн одағы – 1934 жылы құрылған экспорттық-кредиттік агенттіктер мен халықаралық қаржы институттарының халықаралық қауымдастығы. Бүгінде оның құрамына 67 елден 84 ұйым кірген. Одақтың негізгі мақсаты – шетелдік инвестицияларды сақтандыру және ұзақмерзімді экспорттық несиелерді қамтамасыз ету шарттарын әзірлеу. Берн одағының мүшелері жыл сайын банктерге, экспорттаушылар мен инвесторларға 2,5 трлн АҚШ долларына дейінгі төлем тәуекелдерінен сақтандыру ұсынып, әлемдік трансшекаралық сауданың 13 пайызын алып отыр.

Берн одағының мүшелері мен серіктестері жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде халықаралық жиналыстар өткізіп,  сауданы несиелеу, экспорттық несиелерді сақтандыру және тәжірибе алмасу мәселелерін көтереді.

Көктемгі жиналыстың пленарлық сессиясы «Геосаяси шиеленістер жағдайында экономикалық тұрақтылықты күшейту» тақырыбына арналды, онда қатысушылар жаңа сын-қатерлерге қалай тиімді жауап бере алатынын талқылады. 

Бүгінде дәстүрлі тәсілдердің орнына тұрақтылыққа, әртараптандыруға және экологиялық жауапкершілікке басымдық беріліп жатыр. Осы кезеңге бейімделу үшін Берн одағының мүшелері өз стратегиялары мен өнімдерін жаңартып, бәсекеге қабілеттілікті, өзектілік пен тиімділікті сақтау қажеттігін алға тартты.

«Көпвекторлы  сауда жүйесінің бөлшектенуі мен әлемдік сауданың геосаяси шеңберлерге қайта бағытталуы қауіпсіз, инклюзивті және тұрақты жаһандық экономиканы қалыптастыруға айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Осы жағдайға жауап ретінде біздің агенттік шикізаттық емес экспортты дамытуда инновациялық тәсілдерді қолданып, шикізатқа тәуелділікті азайту үшін баламалы шешімдерге басымдық береді. Сонымен қатар, біз андеррайтинг процесіне ESG қағидаттарын жүйелі түрде енгізіп, тәуекелдерді бағалауда тұрақты даму талаптарын ескереміз», – деді ЭКА басшысы Аллен Шәйжүнүсов.

Жиын соңында Аллен Шәйжүнүсов қатысушылармен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Ол Жапонияның NEXI мемлекеттік экспорттық-кредиттік агенттігінің халықаралық қатынастар және стратегиялық саясат жөніндегі менеджері Акита Юитирамен, ЭЫДҰ экспорттық кредиттеу және бәсекелестік бөлімінің басшысы Сильвия Гаворниковамен, кореялық KSURE сақтандыру корпорациясының басшысы Янжин Чангпен және Қытайдың SINOSURE экспорттық-кредиттік сақтандыру корпорациясының президенті Хетай Ченгпен өзара ынтымақтастықтың стратегиялық мәселелерін талқылады. 

chat Кеңес ал!