Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі неміс әріптестерімен ынтымақтастықтың басты бағыттарын айқындады
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ҚЭА) Берлин Еуразиялық Клубының 42-ші отырысына қатысып, онда Германиямен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде экспортты өңірлік деңгейде ынталандыру жолдарын талдады.
ҚЭА басшысының орынбасары М. Ержанова өз сөзінде Германияның озық өнеркәсіп салаларындағы көшбасшылығын және елді Орталық Азияның шикізаттық емес салалары үшін жетекші экспорттық орталыққа айналдыруға бағытталған Қазақстанның стратегиялық бастамаларының қос өңірге де пайда әкелетін жобаларды бірлесіп әзірлеудің бірегей перспективаларын ашатынын атап өтті. Пікірталас барысында ынтымақтастықты кеңейту бойынша нақты қадамдар, соның ішінде ҚЭА-нің жаңа экспорттық бағыттарға шығуда бірлескен неміс-қазақстандық экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдауға дайындығы талқыланды.
Бұдан бөлек, Берлин Еуразиялық Клубы аясында жұмыс тобының IV отырысы өтті, онда ҚЭА мен AKA Ausfuhrkredit-Gesellschaft mbH (AKA) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Келісімге қол қоюдың мақсаты Германияға және Еуропалық Одаққа қазақстандық тауарлар мен қызметтер экспортын ілгерілету, сондай-ақ экспортқа бағдарланған отандық өндірістерді дамыту үшін Германиядан Қазақстанға озық технологиялар мен жабдықтар импортын ілгерілету үшін ынтымақтастықты нығайту болып табылады. Бұған экспорттық-кредиттік агенттіктердің қатысуы және экспорттық кредиттеу мен сауданы қаржыландыруды қоса алғанда, оңтайлы қаржы құралдарын пайдалану арқылы қол жеткізіледі.
Меморандум қазақстандық банктер, қаржылық даму институттары, сондай-ақ қазақстандық компанияларды тікелей қаржыландыру арқылы экспорттық мәмілелерді іске асыру мақсатында институттар арасындағы ынтымақтастықты, өзара іс-қимылды және ақпарат алмасуды көздейді.
«АКА-мен қол жеткізілген уағдаластықтар өзара тауар айналымын дамытуға және жаңа экономикалық әлеуеттерді іске асыруға, сонымен қатар тұрақты әріптестікті нығайтуға мүмкіндік туғызады. Біз неміс капиталы бар отандық өндірушілерге экспорт алдындағы қаржыландыруды, төлемді кейінге қалдыруды сақтандыруға және сауданы қаржыландыру құралдарына қол жеткізуді қамтамасыз етеміз, бұл үздіксіз өндірісті қолдауға және келісімшарттық тәуекелдерді азайтуға көмектеседі. Сонымен бірге, біз қазақстандық экспорттаушылармен бірлескен жобаларға қатысатын неміс компаниялары мен қаржы институттарына кепілдіктер беруге дайынбыз», - деді М. Ержанова.
AKA туралы анықтама
АКА 1952 жылы құрылған. Ол Германияның жетекші 17 банкін біріктіріп отыр және халықаралық сауданы қаржыландыруға мамандандырылған. 308 миллион еуро капиталы және 4 миллиард еуро активтері бар (2023 жылғы 31 желтоқсандағы деректер бойынша) банк өзін OECD стандарттарына сәйкес келетін халықаралық мәмілелер үшін сенімді серіктес ретінде көрсете білді. Әлемдік экспорттық-кредиттік агенттіктермен және жетекші қаржы институттарымен ынтымақтастықта елеулі тәжірибесі бар.