Германияның машина жасаушылары мен металлургтері Қазақстан нарығына қызығушылық танытып жатыр
Бүгін Герман-Еуразиялық экономикалық одаққа мүше компаниялар бірлескен жобаларды талқылау үшін Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) бас кеңсесіне келді. Делегация құрамында машина жасау, металлургия, логистика, IT және агроөнеркәсіп салаларында жұмыс істейін 20-дан астам неміс кәсіпорнының өкілдері болды.
Іс-сапардың мақсаты – өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, сондай-ақ бірлескен сауда және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы Қазақстан мен Германия арасындағы тұрақты экономикалық байланысты нығайту.
Кездесуде Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Басқарма төрағасының орынбасары Мадина Ержанова іскер топқа компанияның қолдау құралдарын таныстырды.
Делегация қатысушылары Агенттік портфеліндегі қаржы және сақтандыру құралдары мен жүзеге асырылған кейстер туралы ақпарат алды. Атап айтқанда, қазақстандық әріптестермен жоспарланған ынтымақтастықтың мынадай бағыттары айқындалды:
* өңделген өнімдер мен қызметтерді ЕО елдеріне экспорттау;
* экспортқа бағдарланған қазақстандық кәсіпорындарға еуропалық жабдықтар мен технологияларды импорттау;
* өнімді көрші ел нарығына экспорттау үшін Қазақстанда бірлескен өндіріс ошақтарын құру.
«Германияның жетекші кәсіпорындарымен ынтымақтастық орнату - біз үшін стратегиялық маңызы зор қадам. Бұл Қазақстан экономикасына мультипликативтік әсер беріп, елдің экспорттық мүмкіндігін арттырады. Біз қаржы институттарымен бірлесіп, осындай жобаларды іске асыру үшін ең оңтайлы шешімдерді ұсынуға дайынбыз», - деді Мадина Ержанова.
Серіктестікті дамытуға неміс компаниялары, оның ішінде ауылшаруашылық техникасын өндірушілер, өнеркәсіптік кәсіпорындар және қаржы ұйымдары нақты ұсыныспен келіп отыр. Олардың қатарында DELCREDА, CONFOX Baumaschinen GmbH, Gerwin Silotechnik GmbH, SKS Ziemke Schweißtechnik GmbH, RG Elektrotechnologie GmbH, Amandus Kahl GmbH, dls Speditionsgesellschaft mbH, JUMO GmbH & Co KG және тағы да басқа ірі компаниялар бар.
«Біздің одаққа мүше неміс компаниялары Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуеті мен оның даму жолын жоғары бағалайды. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігімен болған кездесу қазақстандық экспорттаушылармен ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақты айқындауға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта ортақ жобалар саны арта береді деп сенеміз», - деп атап өтті делегация басшысы, Одақ президенті Томас Овербек.
Айта кетейік, Агенттіктің қазақстандық экспорттаушыларды қолдау көлемі 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 188,2 млрд теңгеге жетті.
2023 жылдың тура осы кезеңімен салыстырғанда қолдау көлемі 2,5 есе өсті. Бірінші жартыжылдықта қарастырылған экспорт алдындағы және экспорттық сауданы қаржыландыру көлемі 22,3 млрд теңге болды.