Қазақстан-Словакия бизнес-форумы: екіжақты сауда байланысын күшейтетін форум
Бүгін Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Сыртқы істер министрлігінде өткен Қазақстан-Словакия бизнес-форумына қатысты.
Іс-шарада екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес-топтарының, негізгі даму институттары — «Атамекен» ҰКП, «KazakhInvest» ҰК, «Sario» словак инвестициялар және сауданы дамыту агенттігі және «Eximbank SR» экспорттық-импорттық банкінің өкілдері болды.
Форум барысында «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов экспорттаушыларды қолдау шараларын таныстырды. Сондай-ақ ол Агенттіктің словакиялық инвесторлар елімізде экспортқа бағытталған жобаларды іске асырғысы келген жағдайда қолдау білдіруге дайын екенін мәлімдеді. Компания жалпы сомасы 1,5 миллиард еуро болатын мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз етілген, портфелінің көлемі — шамамен 1 миллиард еуро. Соңғы 7 жылда Агенттік 2,5 миллиард еуродан асатын сомаға 245 экспорттаушыға қолдау көрсетті.
Одан бөлек, А. Шәйжүнісов Словакияның «Eximbank SR» экспорттық-импорттық банкінің бас директоры Растислав Подгорецпен кездесті. Қос тарап бірлескен жобаларды іске асыру кезінде экспорттаушыларды қолдаудағы екіжақты ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Ол экспорттық операциялардағы тәуекелдерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ
екі ел Гамбург қаласында тиісті меморандумға қол қоямыз уағдаласты.
Айта кетейік, 2023 жылы Қазақстан мен Словакия арасындағы тауар айналымы 13,3 пайызға өсіп, 120 млн еуроға жетті. Машина жасау, IT және ауыл шаруашылығы салалары ынтымақтастықтың негізгі бағыттары
болып қала береді.