Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Германияның негізгі қаржы институттарымен меморандум жасасты
Германия канцлері Олаф Шольцтың Астанаға ресми сапары барысында Қазақстан-Германия дөңгелек үстелі өтті. Іс-шара қатысушылары – екі елдің мемлекеттік органдары мен ірі бизнес өкілдері. Жиында екіжақты экономикалық байланысты күшейтудің жаңа мүмкіндіктері талқыға түсті. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау және инфрақұрылым секторына ерекше көңіл бөлінді.
* «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин екі ел арасындағы келісім экономикалық ынтымақтастықты нығайту жолында аса маңызды екенін атап өтті. Холдинг бірлескен жобалар бойынша жан-жақты көмек көрсетуге дайын. Ол үшін, тіпті, қаржы саласындағы инновациялық жобалар қарастырылмақ.
«Біз табиғи жолмен табылатын энергетика, агроөнеркәсіп секторы, көлік логистикасы және өнеркәсіптік өндіріс салалары бойынша зор мүмкіндікті көріп тұрмыз. Бүгінгі іс-шара Германиямен экономикалық байланысты ғана нығайтпайды, сонымен қатар Қазақстанда бизнестің тұрақты дамуына жағдай жасайды», - деді Холдинг басшысы.
* «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ мен Deutsche Bank арасындағы Меморандум
Іс-шара барысында «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Deutche Bank және Helaba Bank сынды Германияның негізгі қаржы институттарымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Келісімдер заманауи неміс жабдықтары мен технологияларын сатып алуға мүмкіндік беретін экспорт несиесі және сауданы қаржыландыру құралдары бойынша қолайлы жағдай жасауды көздейді. Мұның нәтижесінде қазақстандық кәсіпорындар әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болады.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің басшысы Аллен Шәйжүнісов қол қойылған меморандумдар тараптар арасындағы ынтымақтастық синергиясын одан әрі дамыту үшін берік негіз болатынына сенім білдірді.
«Біз Deutsche және Helaba банкімен ынтымақтастық арқылы ауқымды инвестициялық жобаларды, оның ішінде қазақстандық кәсіпорындарды заманауи техникамен қамтамасыз ету мүмкіндігіне қол жеткізіп отырмыз. Агенттік еліміздің экспорттық көрсеткішін арттыру үшін неміс технологиялары мен жабдықтарын қаржыландыруға ниеттіміз. Ол үшін ЭКА сақтандыруы көмек болады», - деп атап өтті Аллен Шәйжүнісов.
* «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ мен Helaba Bank арасындағы Меморандум
Landesbank Hessen-Thüringen Girozentrale (Helaba Bank) Сауда және экспортты қаржыландыру департаментінің директоры Сардор Колмахмедов неміс банкі Германия мен Қазақстан арасындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға белсенді қатысатынын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық ЭКА-мен меморандумға қол қою туралы шешім Қазақстандағы неміс және еуропалық компанияларды ұзақмерзімді жобалық қаржыландыру саласындағы ынтымақтастықты тереңдету ниетінен туындады. Одан бөлек, банк Қазақстанның Орталық Азия мен Еуропа нарықтарымен жұмыс істеуі үшін қолдау көрсететінін білдірді.
Неміс инвестициялары негізінен шикізаттық емес секторға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне, химия өнеркәсібіне, құрылыс материалдарын өндіруге, көлік пен агроөнеркәсіптік кешенге бағытталған. ЭКА Қазақстанда экспортқа бағдарланған жобаларды іске асырғысы келетін неміс компанияларымен жұмыс істеуге дайын.
Бүгінде Қазақстанда неміс капиталының қолдауымен жұмыс істеп тұрған 752 кәсіпорын бар. Бүгінде Қазақстан-Германия арасындағы инвестициялық жобалар 54,4 млрд доллардан асып түседі.
Анықтама
- Helaba (Landesbank Hessen-Thüringen) – 1953 жылы 1 маусымда бірнеше аймақтық банктердің бірігуі нәтижесінде құрылған ірі неміс банкі. Ішкі және халықаралық нарықта клиенттерге, банктерге, инвесторларға және мемлекеттік секторға қызмет көрсетеді. Одан бөлек, Helaba неміс жинақ банктерінің 40 пайызы үшін негізгі қызмет провайдері болып жүр, сондай-ақ олардың орталықтандырылған клирингтік қызметін қамтамасыз етеді.
- Deutsche Bank — штаб-пәтері Германияда орналасқан әлемдегі ең ірі қаржы конгломераттарының бірі. Банк бөлшек банкинг, инвестициялық қызметтер және корпоративтік қаржыландыруды қоса алғанда, қаржылық қызметтердің кең ауқымын ұсынады. Deutsche Bank әлем бойынша миллиондаған клиенттерді қамтиды.