Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің XV отырысы: шикізаттық емес секторға жаңа инвестициялар тартылады | Баспасөз релизі | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Баспасөз релизі

Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің XV отырысы: шикізаттық емес секторға жаңа инвестициялар тартылады

Берлинде Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің қатысуымен стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің XV отырысы өтті. Қазақстандық делегация құрамына «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ компаниялар тобы, негізгі салалық мемлекеттік құрылымдар, сондай-ақ отандық бизнес көшбасшылары кірді.

 Кеңесте сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейту, инвестиция тарту және агроөнеркәсіп кешені мен қайта өңдеу өнеркәсібі бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыға түсті.  

 Іс-шара аясында қазақстандық делегация Германияның бірқатар жетекші компаниясымен, сондай-ақ ірі қаржы институттарымен келіссөз жүргізді. Олардың қатарында German Agribusiness Alliance, Siemens, Siemens Energy, Linde, Deutsche Bahn, KfW Banken Gruppe, Deutsche Bank, Helaba, Euler Hermes, DF Deutsche Forfait, CT Agro, CLAAS KGaA, Svevind Energy, Flight Design General Aviation бар.

 Іскерлік кеңес барысында «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов «Қазақстан мен Германия үшін жаңа синергия: экономика саласындағы жаңа мүмкіндіктер» панельдік сессиясына қатысып, еліміздің экспорттық мүмкіндігі, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда байланысын арттыруға бағытталған жобалар туралы баяндап берді. Агенттік басшысы Қазақстанда экспортты бетке алған жобаларды іске асыру жолында шетелдік әріптестеріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

 Берлиндегі Іскерлік кеңестің қорытындысы бойынша қос тарап 10 құжатқа қол қойды. Атап айтқанда, инвестициялар туралы негіздемелік келісім, қазақстандық және германиялық компаниялар арасындағы ынтымақтастық меморандумдары, сондай-ақ Flight design Kazakhstan зауытын салу туралы шешім қабылданды.

 Анықтама:

Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесі – екі елдің іскер топтарының жұмысын үйлестіретін тұрақты кеңесші орган. Іскерлік кеңес 2010 жылы Германия канцлері А. Меркельдің Қазақстанға ресми сапары аясында құрылды.

Қазақстанда неміс капиталы қолдауымен жұмыс істейтін 752 кәсіпорын бар. Бүгінде жалпы сомасы 1,1 миллиард доллардан асатын 32 жоба іске асырылды.

chat Кеңес ал!