Қазақстандық тауарларды сатып алатын негізгі елдер аталды | Баспасөз релизі | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Баспасөз релизі

Қазақстандық тауарларды сатып алатын негізгі елдер аталды

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің қолдауына ие болған отандық кәсіпорындар Орталық Азия елдерімен сауда байланысын күшейтіп жатыр. 2024 жылдың алғашқы жеті айында Өзбекстан импорттаушы елдер арасында көш бастады. Осы уақыт аралығында көрші елге экспортталатын өнім көлемі үш есе артып, 50 миллиард теңгеге жетті. Өзбекстандық тұтынушылардың негізгі сұранысы –  күнбағыс майы, ұн, құрылысқа қажет қоспалар мен металл бұйымдары.

Өзбекстаннан бөлек, Ресейге құны 20 миллиард теңгеден асатын келісімшарт бойынша қолдау көрсетілді, сондай-ақ Тәжікстанға – 2,2 миллиард теңгеге, Қырғызстанға – 2,2 миллиард теңгеге, Сингапурға – 2,2 миллиард теңгеге, Польшаға – 9,2 миллион теңгеге, Әзербайжанға – 3,2 миллион теңгеге тауар сатылды.

Экспортталған өнімдердің басым бөлігі – тамақ өнеркәсібі (45,2%), металлургия (36,4%), машина жасау (10,3%), агроөнеркәсіптік кешен өнімдері (5,8%), құрылыс материалдары (1,7%).

«Экспорттық-кредиттік агенттік отандық кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетіп, экспорт мүмкіндігін арттыруға, жаңа нарықтарды игеруге және бәсекеге қабілетті өнім өндіруге көмектеседі. Қазірдің өзінде жыл басынан бері 236 экспорт келісімшарты жасалды. Біз ұсынатын қолдау құралдары бизнестің түрлі қажеттілігіне бейімделген, сондай-ақ экспорттық циклдің кез келген кезеңінде ұтымды шешім қабылдауға мүмкіндік береді», – деді Сақтандыру және кепілдік беру департаментінің директоры Дәурен Нұранов.

Жүзеге асқан кейстер:

  • Жоғары сапалы шыны ыдыс өндірумен айналысатын шымкенттік «ЕуроКристал» ЖШС Агенттіктің екі бірдей қолдау құралын пайдаланды: қысқамерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру және экспорт алдындағы қаржыландыру. Оның нәтижесінде компания Өзбекстан нарығына шығып, шетелдік сатып алушылар қатарын арттырды. Бүгінде кәсіпорынның экспорттық үлесі 10 пайыздан асады.
  • Агенттік көмегімен еліміздегі алғашқы және жалғыз роботтандырылған TROYA жиһаз зауыты Ресей Федерациясына тауар тасымалдайтын болды. Компания ЭКА ұсынған экспорттық несиені сақтандыру құралын пайдаланы. Бүгінде ЕО елдері де қазақстандық мектеп пен зертхана жиһаздарына қызығушылық танытып отыр.

Айта кетейік, 2024 жылдың 1 тамызындағы бойынша Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің сақтандыру портфелі 478,4 миллиард теңгеге жетті.

chat Кеңес ал!