Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі мен KSURE арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды | Баспасөз релизі | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Баспасөз релизі

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі мен KSURE арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды

Астанада екі елдің мемлекеттік органдары мен ірі компанияларының қатысуымен қазақ-корей бизнес-форумы өтті. Іс-шара Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёлдің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылды.

Форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысқан бизнес өкілдеріне ілтипат білдіре отырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Бүгінде Кореядан экономикамызға тікелей тартылатын инвестиция көлемі он миллиард долларға жуықтады. Ал өзара сауда айналымы алты миллиард долларға жетті. Бүгінде Қазақстан нарығында Оңтүстік Кореяның 700-ден астам компаниясы жұмыс істейді. Олардың қатарында Hyundai, KIA, Samsung, LG, Doosan секілді жаһандық корпорациялар мен басқа да кәсіпорындар бар. Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азия аймағындағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі ретінде өз позициясын нығайтуға ниетті.

Жиын келіссөз алаңына айналып, түрлі сала өкілдерін бір арнаға тоғыстырды. Оның нәтижесінде бизнес пен мемлекеттік құрылым арасында бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойылды. Құжат екіжақты экономикалық байланысты күшейтуге бағытталған.

Бизнес-форум аясында «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ мен Кореяның KSURE сауда сақтандыру корпорациясы арасында ынтымақтастықты көздейтін Меморандум бекітілді.

Іс-шара соңында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі алаңында KSURE басшылығымен арнайы кездесу өтті, оған «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі де қатысты. Корейлік сақтандыру корпорациясының басшысы Янг Джин Чжан ынтымақтастық келісімі шеңберінде бірқатар ұсыныс тастады. Атап айтқанда, ол жылына кемінде бір рет агенттік сарапшылары деңгейінде кездесу өткізу туралы бастама көтерді. Бірінші кезеңде бұл кездесулер қолданыстағы қолдау құралдары аясында сақтандыру ережелерін алмасуды көздесе, ал одан әрі экспорттық қауіп-қатерді сейілту мақсатында қайта сақтандыру және бірлесіп сақтандыру жобаларын айқындауға арналады.

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Аслан Калигазин қол қойылған меморандум екі тарап арасындағы ынтымақтастық синергиясын күшейту үшін негіз болады деп сенім білдірді.

«Бүгінгі кездесудің мақсатықос агенттікті табысқа жетелейтін ынтымақтастықтың берік негізін қалау. Біз Қазақстанда экспортқа бағдарланған жобаларды дамытудың катализаторы болуды көздейміз. Корейлік әріптестерімізбен өзара сауданы дамыту және экспорттық сақтандыру саласында озық тәжірибені алмасу үшін өз мандаттарымыз шеңберінде күш-жігерімізді біріктіреміз», - деп атап өтті А. Калигазин.

Оңтүстік Корея басшылығы Қазақстанға іс-сапары аясында Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бастамасын ұсынғанын атап өту маңызды. Бұл бастамаға «K-Silk Road» деген атау берілді. Оның аясында стратегиялық маңызды ресурстарды өндіру және қайта өңдеу, атом электр станциясын салу, сондай-ақ жел және күн энергетикасын дамыту мәселелері қамтылады.

Екі елдің экспорттық-кредиттік агенттіктері арасындағы келісім «K-Silk Road» мақсатына сәйкес келеді. Өз кезегінде «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Армана Бекбасова әлемдік жетекші экспорттық-кредиттік агенттіктер қазіргі уақытта қолдау құралдарын күшейтіп жатқанын атап өтті. Бұл импорттың басым бағыттары бойынша баламалы жеткізу тізбегін құруға мүмкіндік береді, оның арқасында өнеркәсіптік кәсіпорындар қажетті ресурстармен қамтамасыз етіледі.

Аккумуляторлық үлгідегі никель және басқа да металл өңдеу өнімдерін бірлесіп әзірлеу, өндіру және экспорттау Қазақстанға мультипликативтік әсер береді. Атап айтқанда, тұрақты даму қағидаттарын сақтай отырып, Оңтүстік Корея инвестицияларын, технологиялары мен жабдықтарын тарта отырып, осы кен орындарын игеру елімізге дайын өнімнің әлемдік нарығында көшбасшы болуға мүмкін береді.  

chat Кеңес ал!