ЭКА «Донор күні» қайырымдылық акциясын қолдады
«Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ қызметкерлері «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобының өкілдерімен бірлесіп «Донор күні» қайырымдылық акциясына қатысты.
Қан тапсыру процедурасы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы мамандарының қатаң бақылауымен өтті. Бір күн ішінде бастамаға қатысушылар жалпы алғанда 55 литрге жуық донорлық қан тапсырды. Жиналған биоматериалдар мен олардың компоненттері адам өмірін сақтап қалу және емделіп жатқан пациенттерге көмектесу үшін елорданың медициналық мекемелеріне беріледі.
Бастама ерікті донорлықты танымал етуге, қан банкінің қорын жүйелі түрде толықтыруға және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті дамытуға бағытталған.
Мұндай қайырымдылық акцияларын өткізу ЭКА ұжымы үшін қызметкерлердің жалпыадамзаттық құндылықтарға адалдығын және қоғамның әлеуметтік маңызы бар жобаларына қатысуын айшықтайтын игі дәстүрге айналды.
