Алматыда Қазақстан-Корея бизнес-форумы өтті
27 тамызда Алматыда Корея импорттаушылар қауымдастығы (KOIMA) делегациясының Қазақстанға сапарына орайластырылған Қазақстан-Корея бизнес-форумы өтті. Іс-шараның басты мақсаты — іскерлік байланыстарды одан әрі дамыту және бүгінде Оңтүстік Корея нарығына белсенді шығып, өздерінің экспорттық жеткізілімдерін арттырып отырған қазақстандық кәсіпорындарға іс жүзінде ықпал ету болды. Форумға 80-нен астам қазақстандық және кореялық кәсіпорындардың 200-ге жуық делегаты мен өкілдері қатысты.
Қатысушыларға құттықтау сөзімен Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков сөз сөйлеп, Қазақстанның елеулі экспорттық әрі ресурстық әлеуетін, сондай-ақ кореялық серіктестердің жоғары технологиялық тәжірибесін атап өтті. Екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығы тұрақты қарқын көрсетуде: 2025 жылы тауар айналымы 3,17 миллиард АҚШ долларын құраса, 2026 жылдың алғашқы алты айында 1,3 миллиард АҚШ долларына жетті. Сондай-ақ құттықтау сөздерін KOIMA Төрағасы Юн Ён Ми, Оңтүстік Корея Республикасының Алматыдағы Бас консулы Ха Тэ Ук және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов сөйледі.
Іскерлік бағдарлама шеңберінде кореялық тараптан KOTRA Almaty Trade Center Бас директоры Чо Кегвон мен KOIMA Атқарушы басқарушы директоры Пак Чуниль өкілдік етті. Қазақстандық тараптан даму институттары мен отандық бизнес кеңінен қатысты. Корея нарығын игеріп жатқан отандық экспорттаушыларға сақтандыру және қаржылай қолдау құралдарын таныстырған Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі өкілдерінің қатысуына ерекше назар аударылды. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарушы директоры Әсель Суанқұлова инвестициялық климаттың артықшылықтары, мемлекеттік қолдау шаралары және жобаларды кешенді түрде сүйемелдеу туралы айтып берді. Сонымен қатар талқылауға QazTrade Бас директорының орынбасары Айнұр Әмірбекова, TURAN мал өсірушілер қауымдастығының Басқарма Төрағасы Жәнібек Кенжебаев, Бурное сүт компаниясы сату бөлімінің бастығы Индира Қапалбаева және «Atasu Global trans» ЖШС өкілдері қатысты.
Форумның қорытындысы бойынша қазақстандық экспорттаушылар мен кореялық импорттаушылар Оңтүстік Кореяға өнім жеткізу туралы тікелей келіссөздер жүргізген B2B кездесулер сериясы өтті.
