Экспортқа жол – сападан басталады | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Экспортқа жол – сападан басталады

Халықаралық нарыққа шығуға сапалы тауар өндірудің өзі жеткіліксіз. Шетелдік сатып алушы өнімнің сапасымен бірге оны уақытында жеткізуге, тұрақты көлемде өндіруге, сатудан кейінгі қызметке, қаржылық есеп айырысудың қолайлылығы мен серіктестік міндеттеменің орындалуына қарайды. Демек, экспорттағы бәсеке – бір ғана тауардың емес, тұтас өндірістік әрі сервистік жүйенің сапасына сын.

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Бүгінгі сатып алушы «қанша тұрады?» деген бір сауалмен шектелмейді. Өнім қаншалықты сапалы, қанша уақытта жеткізіледі, келесі жылы да қажетті көлемде беріле ме, мәселе туындаса өндіруші қаншалықты жедел жауап береді – халықаралық нарықтағы таңдау осы талаптардың бәріне байланысты.

Сондықтан экспортты ұлғайту өндіріс көлемін арттырумен ғана шектелмейді. Қазақстандық өнімнің сыртқы нарықта орнығуы үшін оның артында сенімді өндіріс, тұрақты қаржыландыру, жолға қойылған логистика, заманауи сервис пен сатып алушы талабына бейімделе алатын кәсіпорын тұруы керек.

Бұл ретте экспортты қолдау тетіктерінің сапасы да маңызды. Қаржы уақытында жетпесе, сапалы өнімнің өзі нарықтағы мүмкіндігін жоғалтады. Өнім дайын болғанымен, жеткізу мерзімі бұзылса, серіктестің сенімі әлсірейді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің жұмысы қаржылай қолдаумен ғана шектелмейді. ЭКА кәсіпорындардың сыртқы нарықтағы тәуекелдерін азайтып, қаржы тартуына және бәсекелік мүмкіндігін арттыруға жағдай жасайды.

ЭКА Басқарма төрағасының орынбасары Мадина Ержанованың айтуынша, экспорттаушыға басты міндет – сыртқы нарықтағы бәсекелік артықшылықты қалыптастыру.

– Біздің міндетіміз – ықтимал шығындарды азайту ғана емес, отандық экспорттаушыларға мығым бәсекелестік артықшылықтар сыйлау. Атап айтқанда, шетелдік әріптестерге төлемнің икемді шарттарын ұсынуға, қолжетімді капитал тартуға әрі жаһандық жаңа тетіктерді сенімді меңгеруге мүмкіндік беру, – дейді Мадина Ержанова.

Бұл жерде «сапа» ұғымын кең мағынада қараған жөн. Өнімнің халықаралық стандартқа сай болуы – алғашқы шарт. Оған тауарды уақытында жеткізу, келісілген көлемді сақтау, қаржылық міндеттемелерді орындау, құжаттарды дер кезінде рәсімдеу мен техникалық қолдау да кіреді. Демек, сыртқы нарықтағы серіктес үшін сапа – тауардың ғана емес, оған қызмет ететін бүкіл жүйенің өлшемі.

Шымкенттегі «Standard Steel KZ» кәсіпорнының тәжірибесі осыны көрсетеді. Компания өндірістік қалдықтарды қайта өңдеп, құрамында мыс пен мырыш бар концентраттар шығарады. Кәсіпорын сыртқы нарыққа шығуды өндіріс моделінің алғашқы кезеңінен жоспарлаған. Себебі мұндай өнімді Қазақстанда терең өңдейтін қуаттың шектеулі болуы экспортты өндірістің табиғи бағытына айналдырған.

– Сыртқы нарыққа шығу бастапқы бизнес-модельдің өзінде қарастырылған болатын. Себебі біз өндіретін концентраттар әрі қарай терең металлургиялық өңдеуді талап етеді, ал Қазақстанда бұл өнімді өңдейтін қуатты технологиялық кәсіпорындар саусақпен санарлық. Сол себепті мұндай шикізатқа сұраныс жоғары әрі өңдеу өнеркәсібі дамыған шетелдік нарықтарға бет бұру ең қисынды әрі дұрыс шешім болды, – дейді компанияның бас экономисі  Жанна Кеулімжайова.

Кәсіпорын алғашқы экспорттық жеткізілімге дейін өндірістік процестерін жүйелеп, өнім сапасын сатып алушы талаптарына сәйкестендіріп, логистиканы жолға қойған. Сондықтан алғашқы өнімді шетелге жөнелту кезінде айтарлықтай қиындық тумаған.

– Экспорттық жеткізілімдердің өзінде аса өрескел қиындықтар туындаған жоқ. Өйткені дайындық жұмыстары алдын ала тыңғылықты жүргізілді: өндірістік процестер жүйеленіп, өнім сапасы сатып алушылардың талаптарына толық сәйкестендірілді әрі логистика жолға қойылды. Әрине, сыртқы сауда құжаттарды мұқият әзірлеуді және түрлі елдердің заңнамалық талаптарын қатаң сақтауды талап етеді. Кәсіби командамыздың біліктілігі мен жоспарлы жұмыстың арқасында алғашқы өнім сәтті жөнелтілді, – дейді бас экономис.

Халықаралық нарыққа шығу кәсіпорынды өнім сапасымен бірге бүкіл өндірістік тізбекті жетілдіруге жетелейді. «Standard Steel KZ» инвестициялық келісімшарт аясындағы салықтық преференцияларды пайдаланып, ЭКА-ның қаржылық құралдары арқылы айналым қаражатын ұлғайтқан. Бұл экспорттық келісімшарттарды уақытында орындап, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік берді. Тұрақты сұраныс кәсіпорын қуатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнім өткізу географиясын кеңейтуге жол ашты. Қазір компания Қытай мен Орталық Азияға өнім жөнелтіп, Ресей нарығына шығуды жоспарлап отыр.

Мұндай кәсіпорындарды қолдау ЭКА жұмысының ауқымынан да көрінеді. Биылғы алғашқы алты айда өңдеуші секторға көрсетілген қолдау 418,5 млрд теңгеге жетті. Былтырғы сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 332,7 млрд теңге болған. Агенттіктің сақтандыру сыйымдылығы 941 млрд теңгеге жетіп, жыл соңына қарай 1,2 трлн теңгеге дейін ұлғаймақ. Соңғы бес жылда ЭКА 300-ден астам экспорттаушыға қолдау көрсетіп, ел үшін жиынтық экономикалық тиімділік 7 трлн теңгеден асты.

– Биылғы алғашқы алты айда ЭКА құралдарын 69 кәсіпорын пайдаланды, оның 61 пайызы – шағын және орта бизнес. Экспорт географиясы да кеңейіп, қазақстандық өнім 50-ден астам елге, соның ішінде Орталық Азия, Қытай, Еуропа, Таяу Шығыс, АҚШ пен Африка нарықтарына шығарылуда. Ендігі міндет – экспорттаушылардың мүмкіндігін кеңейту үшін қаржыландыру тетіктерін жетілдіріп, шетелдік банктермен ынтымақтастықты күшейту, – дейді Мадина Ержанова.

Экспорттық әлеуеті жоғары салалар қатарында тамақ өнеркәсібі, машина жасау, химия, металлургия, агроөнеркәсіп кешені мен жеңіл өнеркәсіп бар. Әсіресе қосылған құны жоғары ет, сүт, ұн-жарма, кондитерлік өнімдер мен терең өңделген тауарларды сыртқы нарыққа шығару маңызды. Бұл бағытта ЭКА «Экспорттаушының жеке кабинеті» арқылы өтінім беру мен құжат айналымын цифрландырса, «Экспорттаушылар витринасы» B2B платформасында Made in Kazakhstan брендімен 135 компанияның 420-дан астам тауары ұсынылған.

Өйткені халықаралық нарықта бір рет өнім өткізу жеткіліксіз. Тұрақты сатып алушыға айналу үшін тауар сапасымен бірге өндіріс, қаржы, логистика, сервис пен жеткізу тәртібі де мінсіз болуы керек. Келісілген өнім уақытында жетіп, қызмет көрсету сапасы көңілден шықса, кешегі сатып алушы ертеңгі тұрақты серіктеске айналады.

Сондықтан экспортқа жол зауыт қақпасынан емес, сападан басталады. Ал оның өлшемі – өнімнің техникалық сипаттамасымен ғана емес, тұтынушы қолына жеткенге дейінгі бүкіл үдерістің сапасымен айқындалады.

 

consultation Кеңес ал!