ЭКА және KAZХИМИЯ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

ЭКА және KAZХИМИЯ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ мен «KAZХИМИЯ» химия өнеркәсібі қауымдастығы» ЗТБ өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Серіктестік отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуге және олардың халықаралық нарықтардағы позицияларын нығайтуға бағытталған. Келісімнің басты мақсаты – қазақстандық химия өнеркәсібі үшін экспорт алдындағы қаржыландыру мен келісімшарттарды сақтандырудан бастап жаңа шетелдік алаңдарға шығу кезіндегі тәуекелдерді азайтуға дейінгі тиімді экожүйе құру.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары:

  • Отандық өндірушілерге арзанырақ айналым қаражатын тартуға мүмкіндік беретін ЭКА-ның қаржылық-сақтандыру өнімдерін енгізу.

  • Экспорттық сақтандыру есебінен қазақстандық кәсіпорындардың шетелдік контрагенттермен жұмыс істеу кезіндегі тәуекелдерін барынша азайту.

  • Мақсатты нарықтарды бірлесіп талдау және отандық тауарларды ілгерілетудегі кедергілерді жедел жою.

  • Жергілікті компаниялардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін оқыту іс-шараларын, воркшоптар мен консультациялар өткізу.

«Химия өнеркәсібі – экономикамызды әртараптандыру үшін дамуы өте маңызды жоғары қосылған құны бар сектор. Бүгінде ЭКА қолдауымен отандық компаниялар өз өнімдерін бүкіл әлемге – Орталық Азиядан Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріне дейін экспорттап отыр. Бұл жоғары бәсекелестік нарықтар, және олардағы тұрақты сұраныс қазақстандық индустрияның толысқанын дәлелдейді. Өз тарапынан ЭКА қаржылық-сақтандыру құралдарының толық желісіне қолжетімділік бере отырып, сала кәсіпорындарына үздіксіз қолдау көрсетеді», – деп атап өтті ЭКА Басқарма төрағасының орынбасары Мәдина Ержанова.

Өз кезегінде «KAZХИМИЯ» қауымдастығы нақты сектордың сараптамасы мен ЭКА қолдау құралдарының синергиясы саланың әлеуетін нақты экспорттық келісімшарттарға және ел ішіндегі жаңа жұмыс орындарына айналдыруға мүмкіндік беретінін баса айтты.

Бүгінгі таңда ЭКА портфелінде химия өнеркәсібі саласындағы бірқатар маңызды жобалар бар. Олардың қатарында минералды тыңайтқыштар, пластмасса, лак-бояу өнімдері мен тұрмыстық химияның жетекші өндірушілері: «Қазазот» АҚ, «НДФЗ» ЖШС, «Talas Investment Company» ЖШС, «ПК «Аврора» ЖШС, «Тиккурила» ЖШС, «ТК «Аромика» ЖШС және басқалары бар.

Анықтама: «KAZХИМИЯ» химия өнеркәсібі қауымдастығы» ЗТБ – химия өнеркәсібі мен оған сабақтас секторлардың 40-тан астам кәсіпорнының басын біріктіретін коммерциялық емес ұйым.

consultation Кеңес ал!