Қазақстандық май өнімдері әлемдік нарықтарды жаулап алуда: экспорттық перспективалар "FOC 2026"конференциясында талқыланды
5 маусым күні Астанада агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі үрдістерін, жүйелі сын-қатерлерді және халықаралық сауданы дамыту мәселелерін талқылауға арналған беделді алаңға айналған бесінші мерейтойлық халықаралық FOC 2026: Fats and Oils Conference май-тоңмай конференциясы өтті. Іс-шараға әлемнің 18 елінен 330-дан астам делегат қатысты. Олардың қатарында салалық министрліктердің өкілдері, қаржы институттары, ірі агрохолдингтер мен халықаралық сарапшылар болды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамының ресми қолдауымен «Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды.
Өткен бес жыл ішінде форум май-тоңмай нарығына қатысушылар үшін маңызды диалог және бизнес алаңы ретінде өз орнын нығайтты. Дәстүрлі түрде іс-шара аясында отандық агроөнеркәсіптік кешен мен халықаралық сауданы дамытудағы жүйелі мәселелер, өзекті нарықтық үрдістер және жоспарланған реттеушілік өзгерістер талқыланып, өндірушілер мен сатып алушылар арасында тікелей B2B келіссөздер өткізіледі.
Бүгінде май-тоңмай саласы Қазақстанның шикізаттық емес экспортының негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып табылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша сала Қазақстанның өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының валюталық түсімінің 27%-ын қамтамасыз етті. Жалпы валюталық түсім тарихи максимумға жетіп, 963 млн АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда төрт есе жоғары.
Өсу қарқынын сақтау мақсатында Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы серіктестерінің қолдауымен 2026–2028 жылдарға арналған экспортты дамыту жөніндегі Жол картасын әзірледі. Осы стратегиялық құжатты іске асыру 2028 жылға қарай валюталық түсімді 1,5 млрд АҚШ долларына дейін арттыруға және Қазақстанды күнбағыс майын жеткізуші әлемдегі жетекші үш елдің қатарына шығаруға мүмкіндік береді.
Осы мақсаттарға қол жеткізуге және отандық өндірушілерді жүйелі қолдауға Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі елеулі үлес қосып келеді. Конференцияның негізгі спикерлерінің бірі ретінде сөз сөйлеген Агенттік Басқармасы төрағасының орынбасары Айбол Балкин май-тоңмай өнімдерінің Агенттік портфеліндегі үлесі 23%-ды құрайтынын атап өтті. Салаға көрсетілген қаржылық және сақтандыру қолдауының жалпы көлемі 404,7 млрд теңгеге жетсе, оның шамамен жартысы (48%) 2025 жылға тиесілі болды.
Агенттік экспорттаушыларды экспорттық циклдің барлық кезеңдерінде сүйемелдеп, өндірісті кеңейтуге және айналым капиталын қорғауға арналған қаржылық шешімдерді ұсынады. Кәсіпорындарды жаңғырту және жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу кезеңінде қарыздарды сақтандыру және жобалық қаржыландыру тетіктері қолданылады. Өндірушілерді қажетті айналым қаражатымен қамтамасыз ету үшін экспорт алдындағы және экспорттық-саудалық қаржыландыру, сондай-ақ коммерциялық мәмілелерге кепілдік беру құралдары пайдаланылады. Сыртқы нарықтарға шығу кезінде Агенттік шетелдік контрагенттердің төлем жасамау тәуекелінен сақтандыру арқылы қазақстандық кәсіпорындардың тәуекелдерін азайтады.
Мұндай тәсіл отандық компанияларға экспорт географиясын кеңейтуге және нарықтағы позицияларын нығайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде Экспорттық-кредиттік агенттіктің қолдауымен қазақстандық май-тоңмай өнімдері әлемнің 18 еліне экспортталады. Негізгі бағыттар қатарында Қытай және Орталық Азия мемлекеттері бар. Атап айтқанда, Қазақстан күнбағыс майын Қытай нарығына экспорттау бойынша екінші орында тұр, сондай-ақ Өзбекстан мен Тәжікстанға өсімдік майларын жеткізуде 90%-дан астам үлеспен көш бастап келеді.
Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі майлы дақылдар өнімдерін өндірушілерге қолдау көрсетуді жалғастырып, қазақстандық тауарлардың әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және халықаралық сауда байланыстарын кеңейтуге бағытталған құралдарды ұсынатын болады.
