Астанада Берн одағының отырысы өтіп жатыр
Астанада экспорт несиелері мен инвестицияларды сақтандырушылардың ірі халықаралық бірлестігі – Берн одағының көктемгі отырысы басталды. Мұндай ауқымдағы форум Орталық Азия өңірінде алғаш рет өткізіліп отыр.
Беделді халықаралық алаң жұмысына әлемнің 70-тен астам елінен 240-қа жуық делегат қатысып жатыр. Астанаға жетекші экспорттық-кредиттік агенттіктердің, эксимбанктердің, халықаралық қаржы институттары мен жаһандық сақтандыру корпорацияларының басшылары келді.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов аталған басқосудың стратегиялық миссиясын атап өтті. Еліміздің инвестициялық тартымдылығын нығайту Берн одағы мүшелері қызметінің негізгі бағыттары – халықаралық сауданың, көлік-логистикалық әлеуеттің және экспорттық мүмкіндіктердің дамуымен тығыз байланысты.
Олжас Бектенов еліміз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығымен саяси және экономикалық жаңғыртудың кешенді бағдарламасын дәйекті түрде жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция Әділетті және Қуатты Қазақстан құруға бағытталған.
Отырысқа қатысушыларға Президент қойған міндеттерге сәйкес инвестициялық, экспорттық және іскерлік әлеуетті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді. Мемлекет үшін шетелдік әріптестермен сенімді диалог құру – сыртқы экономикалық саясаттың ажырамас бөлігі.
«Мемлекет басшысы іскерлік ахуалды жақсартуға үнемі ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде Қазақстан Орталық Азия аймағындағы ірі экономика ретінде өзінің ұлттық экономикасын құрылымдық трансформациялауды жалғастыруда. Тікелей шетелдік инвестициялар 14,4%-ға өсіп, $20,5 млрд-ты құрады, ал негізгі капиталға инвестициялар 13%-ға артып, $43,5 млрд рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2025 жылы $144 млрд-қа дейін өсті. Қазақстандық өнімді жеткізу географиясы мен номенклатурасы кеңейіп келеді. Бүгінде біздің тауарлар әлемнің 127 еліне экспортталады, белсенді өнім түрлерінің тізімі 4 мыңға жақындады», — деді Олжас Бектенов.
2030 жылға дейінгі Сауда саясаты тұжырымдамасы аясында Қазақстан шикізаттық емес экспортты $52 млрд-қа дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Қазақстан халықаралық еркін сауда келісімдері желісін кеңейтуде. Вьетнаммен, Сербиямен жасалған келісімдерге қосымша БАӘ, Моңғолия және Индонезия қосылды. Бұл архитектурада Транскаспий халықаралық көлік бағыты ерекше рөл атқарады, мұнда трансконтиненталды экономикалық дәліздер жүйесін жетілдіруге, тауар айналымын арттыру және елдеріміздегі халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беретін ірі инфрақұрылымдық бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Шетелдік сапалы адами капиталды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Президенттің тапсырмасы бойынша көші-қон саясаты жетілдірілуде. Инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін «Алтын виза» арнайы визалық режимі енгізілуде. Басым нарықтарда орналасқан Қазақстанның шетелдік сауда өкілдері және Экспорттық-кредиттік агенттіктің кеңселері кәсіпорындарға ішінара қолдау көрсетуге және халықаралық бизнестің сұраныстарына жедел ден қоюға бағдарланған.
«Біз қаржыландыру, сақтандыру және кепілдендіру құралдарын біртұтас қолдау жүйесіне біріктіреміз. Оның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылады, салық түсімдері артады және сапалы инвестициялар тартылады. Қазіргі уақытта «Бәйтерек» проактивті инвестициялық холдингтің моделіне көшуде. Үкіметпен бірлесіп 2032 жылға дейін жалпы сомасы шамамен $170 млрд-қа жуық перспективалы жобалар пулы құрылды. Осы ауқымды стратегияны жүзеге асыруда Берн одағы мүшелерінің сақтандыру және бірлескен қаржыландыру құралдарын ұсынудағы рөлі ерекше маңызды бола түсуде», —деді «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин
Астананың инвестициялар тарту орталығы ретіндегі жоғары әлеуетін Берн одағының президенті Юичиро Акита де растады. Оның пікірінше, көктемгі сессияны өткізу үшін Астананың таңдалуы – қаланың Шығыс пен Батысты байланыстыратын, әлемнің ірі экономикаларының мүдделері тоғысатын маңызды буын ретіндегі рөлін мойындау.
«Ұлы Жібек жолы дәуірінен бері Қазақстан әлемдік сауда, инвестициялар мен идеялардың стратегиялық торабында орналасқан мемлекет ретінде танылып келеді. Бүгінде бұл мәртебе жаһандық қаржы ағындарының түбегейлі трансформациясы жағдайында ерекше маңызға ие болып отыр. Біз капиталдың “жасыл” қалпына келтіру, энергетикалық ауысу және қорғаныс әлеуетін күшейту басымдықтарына сәйкес дамыған экономикаларға қарай ойысқанын байқап отырмыз. Мұндай жағдайда экспорттық-кредиттік агенттіктердің стратегиялық даму институттары ретіндегі рөлі айқындаушы мәнге ие болады. Берн одағының бүгінгі отырысын өткізу үшін Астананың таңдалуы – Қазақстанның өңірдегі жетекші инвестициялық және қаржы хабы ретіндегі мәртебесінің айқын дәлелі», – деді Юичиро Акита.
Форумның маңыздылығы жаһандық көрсеткіштермен де расталады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Берн одағы мүшелері ұсынатын сақтандыру қорғанысының жиынтық көлемі жыл сайын шамамен 3,7 трлн АҚШ долларын құрайды. Бұл әлемдік трансшекаралық сауда айналымының шамамен 13 пайызына тең.
Берн одағының пленарлық отырысы жаһандық экономикалық күн тәртібі, инвестициялар мен Орталық Азиядағы даму стратегиясы, сондай-ақ қаржыландыру мен инновациялар мәселелеріне арналған панельдік сессиялар форматында жалғасты.
«Crossroads» атты негізгі тақырып аясында мынадай бағыттар талқыланды:
- қаржы секторын цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу;
- даму институттарын геосаяси өзгерістерге бейімдеу;
- тәуекелдерді бағалау тетіктерін жетілдіру;
- ұзақмерзімді экспорттық қаржыландыру үшін жағдай жасау.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі басқармасының төрағасы Аллен Чайжүнісов агенттік шикізаттық емес экспортты ынталандыру жүйесіне инновациялық тәсілдерді кезең-кезеңімен енгізіп жатқанын атап өтті. Оның ішінде андеррайтинг үдерістеріне ESG қағидаттарын енгізу де бар.
Мұндай ауқымды форумның Астанада өтуі Қазақстанның өңірлік қаржы хабы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындай түседі. Іс-шара елдің инвестициялық ахуалына қатысты Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің оң көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді деп күтілуде. Аталған елдердің өкілдері Берн одағының негізгі құрамын құрайды.
Сессия аясында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі мен ірі халықаралық қаржы институттары — Türk Exim, Saudi EXIМ, BAEZ және ASHRA арасында стратегиялық келісімдер жасалды. Қол қойылған құжаттар экспорттық тәуекелдерді өзара қайта сақтандыру тетіктерін дамытуға, инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыруға, сондай-ақ қазақстандық шикізаттық емес экспортты Таяу Шығыс пен Еуропа нарықтарына ілгерілетуге бағытталған. Уағдаластықтарды іске асыру отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қолдауды күшейтуге, сыртқы сауда операцияларының тұрақтылығын арттыруға, қазақстандық бизнестің халықаралық қаржы құралдарына қолжетімділігін кеңейтуге және Қазақстанның жаһандық қаржы-экономикалық жүйеге ықпалдасуын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Қысқамерзімді сақтандыру комитетінің құрамына кіруге үміткер болып отыр. Бұл Қазақстан ЭКА-сының халықаралық интеграцияның жаңа сапалы деңгейіне көтерілгенін және жаһандық сарапшылық қоғамдастықтың толыққанды қатысушысы ретінде танылғанын білдіреді.
Пленарлық отырыс B2B форматындағы екіжақты кездесулер сериясымен аяқталды. Форум жұмысы 13–14 мамыр күндері салалық комитеттер мен Прага клубының отырыстары аясында жалғасады. Талқылаулар қорытындысы бойынша Берн одағының келесі отырысын Токио қаласы (Жапония) қабылдайтыны ресми түрде жарияланды.
Анықтама:
Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі – шикізаттық емес экспортты қолдауға және ілгерілетуге маманданған ұлттық даму институты. Компания «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі құрылымына кіреді және Берн одағы жанындағы Прага клубының толыққанды мүшесі болып табылады.
Берн одағы – экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыратын жетекші халықаралық коммерциялық емес ұйым. 1934 жылы Швейцарияның Берн қаласында құрылған ұйымның штаб-пәтері бүгінде Лондонда орналасқан. Ұйымның қызметі әлемдік сауданы дамытуға жәрдемдесуге, экспорттық кредиттеу саласындағы халықаралық стандарттарды енгізуге және мемлекетаралық сарапшылық тәжірибе мен ақпарат алмасуға арналған алаң қалыптастыруға бағытталған.
