Мемлекет пен жеке сектор арасындағы әріптестік: экономикалық трансформация жағдайындағы экспорт
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ мемлекеттік органдар, қаржы секторы, өңдеуші кәсіпорындар, сондай-ақ жетекші салалық сарапшылар мен бизнес-қауымдастық өкілдерін біріктірген CFO форумына қатысты.
Форум аясында 2026 жылға қарай Қазақстан экономикасында күтілетін негізгі құрылымдық өзгерістер, оның ішінде жаһандық конъюнктураның әсері, ақша және несие саясаты, фискалдық реформалар және энергетикалық көшу үдерістері талқыланды.
CFO форумы Fin Club ұйымының бастамасымен өткізілді. Бұл – бизнес ортада қаржылық құзыреттілік пен сараптамалық әлеуетті күшейтуге бағытталған қаржы саласы мамандарының кәсіби қауымдастығы. Іс-шараның ашылу рәсімінде айтылғандай, экономикалық жағдайдың қарқынды өзгеруі мамандардан тек сандық деректерді талдаумен шектелмей, оларды стратегиялық шешімдерге айналдыра алуды, тәуекелдерді тұрақты өсімге бағыттай білуді талап етеді. Осындай жаңа көзқарастағы көшбасшылар компаниялардың ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігін арттырып, нақты сектордың ұлттық экономикаға қосқан үлесін күшейтеді.
«Мемлекет және бизнес – өсу үшін серіктестік» панельдік сессиясында ЭКА Басқарма төрағасының орынбасары Мадина Ержанова Агенттік ұсынатын қаржылық және сақтандыру қолдауының негізгі тетіктерін таныстырып, мемлекет пен жеке сектор арасындағы әріптестікті күшейту жолдарын алға тартты.
Өз сөзінде М. Ержанова былай деді: «Жаһандық бәсекелестік жағдайында өңделген өнімдер мен қызметтердің экспортын дамыту – тұрақты экономикалық өсім мен әртараптандырудың маңызды факторларының бірі. Мемлекеттік және жеке сектордың үйлесімді жұмысы өте маңызды. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі – еліміздің стратегиялық мақсаттарын бизнес-қоғамдастықтың сыртқы экономикалық міндеттерімен ұштастыратын жүйелі құрал. Біз өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына экспорттық келісімшарттарды іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Осы мақсатта бізде қазіргі жаһандық нарық талаптарына және сыртқы орта сын-қатерлеріне бейімделген 20-дан астам құрал бар».
