АСТАНАДА ӨТКЕН ЭКСПОРТТЫҚ-САУДА ФОРУМЫНДА: АГРОӨНЕРКӘСІПТІК ЭКСПОРТТЫ ҚОЛДАУДЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАСЫМДЫҚТАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Астанада агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін дамыту және отандық жоғары сапалы өнімді халықаралық нарықтарға тиімді ілгерілету жөніндегі стратегиялық міндеттерді талқылауға арналған Экспорттық-сауда форумы өз жұмысын аяқтады.
Іс-шара Орталық Азиядағы ең ірі ауыл шаруашылығы көрмелері – KazAgro/KazFarm-2025 аясында ұйымдастырылды.
Форум жұмысына «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА), мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус, салалық қауымдастықтар, сондай-ақ бизнес құрылымдары мен экспорттаушы компаниялардың басшылары қатысты.
ЭКА басқарма төрағасының орынбасары Мадина Ержанова пленарлық сессия барысында қолдау құралдарын таныстырып, экспорттаушылар мен олардың шетелдік сатып алушыларын екінші деңгейлі банктер және өзге де қаржы институттары арқылы сақтандыру және жанама қаржыландыру тетіктеріне назар аударды.
Атап өтілгендей, сауда қаржыландыру тетігі шетелдік сатып алушыларға өз елдеріндегі банктер арқылы қазақстандық өнімді төмендетілген мөлшерлемемен сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл құрал ЭКА сақтандырған аккредитив арқылы жүзеге асады, соның арқасында қаржыландыру мөлшерлемесін айтарлықтай төмендетіп, отандық өнімнің шетелдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасайды.
Сонымен қатар, экспорт алдындағы қаржыландыру отандық экспорттаушыларға Агенттік кепілдігімен банктерден жеңілдетілген қаражат алуға мүмкіндік береді. Бұл қаражат экспорттық өнім өндіруге, жұмыстар мен қызметтер көрсетуге қажетті айналым қаражатын толықтыруға бағытталады және ірі экспорттық келісімшарттарды орындау үшін аса маңызды болып табылады.
– ЭКА жүйелі түрде өңделген өнім экспортын ұлғайту бағытында жұмыс істеп келеді, біздің компаниялардың жаңа нарықтарға шығуына және шетелдік сатып алушылар тарапынан сұранысты арттыруға ықпал етуде. Біз экспорттық циклдің әр кезеңінде отандық өндірушілерге қолдау көрсетуге дайынбыз, олардың қажеттіліктері мен жаһандық нарықтың динамикасына бейімделген 20-дан астам өнім ұсынамыз, – деп атап өтті Мадина Ержанова, Агенттіктің проактивті ұстанымын көрсетіп.
Ағымдағы жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша Агенттік отандық экспорттаушыларға жалпы сомасы 480 млрд теңгеден асатын сақтандыру және кепілдік қолдау көрсетті. Осы қолдаудың жалпы экономикалық әсері 1,5 трлн теңгеден астамды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 600 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
– Агроөнеркәсіптік кешен біздің портфельде ерекше және стратегиялық орынға ие. Биылғы 9 айда біз АӨК және тамақ өнеркәсібі саласындағы 15 экспорттаушы-өндірушіге шамамен 150 млрд теңге көлемінде қолдау көрсеттік. Қазіргі уақытта осы сектор бойынша сақтандыру портфелінде жалпы сомасы 174 млрд теңгеден асатын 51 жоба бар, – деді М. Ержанова.
Форумның қорытынды бөлімінде даму институттары мен бизнес өкілдері арасында тікелей және мазмұнды өзара іс-қимыл ұйымдастырылды. Бұл сессия аясында ЭКА-ның өңірлік менеджерлері іскер топтармен бірқатар мақсатты кездесулер өткізді.
Өткен Экспорттық-сауда форумы мемлекет, қаржы институттары және бизнес күштерін үйлестірудің маңызды қадамына айналды. Қатысушыларға экспортты мемлекеттік қолдаудың өзекті шаралары таныстырылып, шетелдік серіктестердің талаптары егжей-тегжейлі түсіндірілді, сондай-ақ қазақстандық өнімнің әлемдік нарықтардағы позициясын нығайтуға арналған негізгі сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер талқыланды.
