Астанада алғаш рет Берн Одағының отырысы өтеді
21-24 қазан аралығында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі (ЭКА) Канада астанасы Оттава қаласында өткен Берн одағының жыл сайынғы жалпы жиналысына (Berne Union Annual General Meeting) қатысты. Іс-шара әлемнің түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам қаржы саласының сарапшыларын, жетекші экспорттық-кредиттік агенттіктер мен эксимбанктердің, халықаралық қаржы институттары мен жеке сақтандыру компанияларының өкілдерін біріктірді.
Іскерлік бағдарлама аясында қазақстандық делегация Берн одағының пленарлық отырысына, экспорттық-кредиттік агенттіктер комитетінің жұмыс сессияларына, сондай-ақ Прага клубының отырыстарына қатысты.
Жиналыстың басты тақырыбы – «Adaptability» («Бейімделгіштік»). Ол экспорттық кредиттеу жүйесінің жаһандық деңгейдегі негізгі сын-тегеуріндері мен трансформациясын бейнелейді: цифрландыру мен жасанды интеллектіден бастап геосаяси және салалық өзгерістерге дейін. Күн тәртібінде экспорттық-кредиттік агенттіктердің жаңа индустриялық және саяси қадамдарға бейімделуі, тәуекелдерді бағалау мен сақтандыру өнімдерін басқаруда жасанды интеллектіні қолдану, сондай-ақ экспортты ынталандыруға бағытталған жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Агенттіктің мұндай халықаралық алаңдарға қатысуы стратегиялық маңызға ие. Мұндай іс-шаралар халықаралық инвесторлардың сенімін арттыруға, қазақстандық компаниялардың шетелдік серіктестер арасындағы танымалдылығы мен тартымдылығын жоғарылатуға, сондай-ақ экспорттық кредиттеу мен сақтандыру саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді.
Пленарлық отырыс барысында Астана қаласы Берн одағының келесі көктемгі отырысын өткізетін болып бекітілді. Мұндай ауқымдағы іс-шара ТМД және Орталық Азия аумағында алғаш рет өтпек.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің Басқарма төрағасы
Аллен Шәйжүнісов өз сөзінде Берн одағының сараптамалық отырысын Қазақстанда өткізудің маңыздылығын атап өтті. Аталған ұйым 70-тен астам елдің 84 жетекші экспорттық-кредиттік агенттіктері мен халықаралық қаржы институттарын біріктіреді.
Агенттік басшысының айтуынша, Берн одағы бұл тек пікірталас алаңы ғана емес, сонымен қатар экспортты қолдау саласындағы жаһандық стандарттар қалыптасатын кәсіби қауымдастық.
«Біз Астанада өтетін алдағы отырысты Берн одағы күнтізбесіндегі кезекті іс-шара ретінде ғана емес, ынтымақтастық пен инновациялар, тұрақты даму және өсім мәселелерін талқылауға арналған маңызды платформа ретінде қарастырамыз. Біздің агенттіктің осы диалогтарға қатысуы Қазақстанды халықаралық саудада сенімді әрі ашық әріптес ретінде танытуға мүмкіндік береді, — деді А. Шәйжүнісов.
Форум аясында Агенттік өкілдері Қытай, Мысыр және Гонконгтың экспорттық-кредиттік агенттіктерімен екіжақты кездесулер өткізіп, қайта сақтандыру және елдік тәуекелдерді бағалау салаларындағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Сонымен қатар, Прага клубының отырысы барысында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Басқарма төрағасының орынбасары Аян Бектібаева Прага клубы төрағасының орынбасары болып сайланды. Бұл шешім қазақстандық ЭКА-ға заманауи нормативтік базаны қалыптастыруға, тәуекелдерді басқарудың кешенді жүйесін құруға және Берн одағы мүшелерінің интеграциясына белсенді қатысуға мүмкіндік береді.
Берн одағы экспорттық кредиттеу және инвестицияларды сақтандыру саласындағы жаһандық қағидалар мен стандарттарды қалыптастыруда маңызды роль атқарады. Бүгінде ұйым құрамында әлемнің 70-тен астам елінен 84 ірі экспорттық-кредиттік агенттік пен халықаралық қаржы институты бар. Одаққа мүше ұйымдар жыл сайын банктерге, экспорттаушыларға және инвесторларға төлем тәуекелдерінен шамамен 2,5 триллион АҚШ доллары көлемінде сақтандыру қорғанысын ұсынады, бұл жаһандық трансшекаралық сауда айналымының 13 пайызын құрайды.
