Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі жасыл инвестициялар жөніндегі халықаралық қағидаттарға қосылды
"Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі" АҚ (ЭКА) «Бір белдеу, бір жол» бастамасының аясындағы Жасыл инвестициялар қағидаттары (Green Investment Principles for the Belt and Road, GIP) халықаралық бастамасына қосылды.
Бұл бастамаға қосылу ЭКА-ның экологиялық таза жобаларды ілгерілетуге бағытталған жаһандық күш-жігердегі рөлін нығайтады.
Қазіргі уақытта бастамаға 17 елден жалпы активтері 40 триллион АҚШ долларынан асатын 50 жаһандық қаржы институты қатысуда.
Қатысушылар қатарында Қытайдың ірі банктері, сондай-ақ Ұлыбритания, Франция, Германия, Швейцария, БАӘ, Таиланд, Марокко және басқа да елдердің коммерциялық банктері мен сақтандыру компаниялары бар.
GIP негізінде стратегиялық, операциялық және инновациялық үш деңгейге бөлінген жеті басшылық қағидат жатыр. Бұл қағидаттар қол қоюшыларды корпоративтік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, экологиялық тәуекелдерді азайтуға бағытталған нақты шаралар қабылдауға, сондай-ақ жасыл қаржыландырудың заманауи құралдарын қолдануға шақырады.
Аталған қағидаттар 2019 жылы Қытайдың Жасыл қаржы жөніндегі комитеті мен Лондон қаласының әкімшілігі тарапынан беделді халықаралық ұйымдармен бірлесіп қаржы институттарына арналып әзірленген.
Бастаманың басты мақсаты – климаттың өзгеруіне қарсы күрес, қоршаған ортаны қорғау және Жаңа Жібек жолы өңіріндегі экономикалық дамуға ықпал ететін жобаларды қолдау арқылы «Бір белдеу, бір жол» аясында жасыл инвестицияларды және орнықты дамуды ынталандыру.
