Қазақстан–Словакия бизнес-форумы: экспортты күшейтудің жаңа әдістері талқыланды
Астанада Словакия Премьер-министрі Роберт Фицоның ресми сапары аясында Қазақстан мен Словакия арасындағы экономикалық әріптестікті нығайтуға бағытталған бизнес-форум өтті. Іс-шараға «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) қатысты.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов тұрақты мемлекетаралық диалогтың маңызын жеткізіп, Қазақстан-Словакия экономикалық қатынасының жаңа бағытын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан әрдайым Еуропа нарығына басымдық беріп береді, осы ретте Словакия Еуропалық одақ елдерімен сауда интеграциясы үшін негізгі серіктес ретінде қарастырылатынын атап өтті. 2023-2024 жылдары ЭКА Еуропалық одақ елдерімен келісімшарт жасасқан экспорттаушыларға 340 миллион еуро сомасына қолдау көрсетті.
Өз кезегінде ЭКА басшысының орынбасары Мадина Ержанова форумда сөз сөйлей отырып, қатысушыларға экспорттаушыларды қолдаудың мемлекеттік шаралары туралы айтып берді, сондай-ақ Агенттіктің Қазақстанда экспортқа бағдарланған жобаларды іске асыруда словакиялық инвесторларға көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.
«Бүгін біз әріптестерімізбен өндірісті кеңейту, экспорт көлемін арттыру, ортақ келісімшарттар бойынша болуы мүмкін сын-қатерлердің алдын алу мүмкіндіктерін талқыладық. Одан бөлек, нақты бағыттар бойынша серіктестікті күшейтетін болдық. Бұған дейін Агенттік қолдауы арқылы Словакия нарығына шыққан экспорттаушыларымыз бар, алдағы уақытта мұндай жобалар саны артпақ», - деп мәлімдеді Мадина Ержанова.
Форумға Қазақстан мен Словакияның мемлекеттік құрылымдары, даму институттары мен бизнес өкілдері қатысты. Қонақтар қатарында Агенттіктің әріптесі – Словакияның «Eximbank SR» экспорттық-импорттық банкі болды. Форум аясында тараптар бірлескен жобаларды іске асыру үшін басым секторларды айқындады, бұл экспорттық операциялардағы тәуекелдерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 2024 жылдың 16 қазанында Гамбургте Берн одағының жыл сайынғы съезі аясында ЭКА мен Eximbank SR ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Стратегиялық құжат сақтандыру, андеррайтинг, экспортты қаржыландыру және кепілдік беру салаларындағы екіжақты өзара іс-қимылды дамытуға, сондай-ақ өңірлік нарықтар бойынша талдама деректерін алмасуға бағытталған.
Форум соңында B2B және B2G форматында кездесулер өтті. Қатысушылар инвестициялық жобалар, қаржыландыру шарттары мен жаңа келісімдер бойынша пікір алмасты. Басты назар жобалардың тиімділігі мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуде болды.
