Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі жалпықалалық сенбілікке шықты
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ ұжымы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өткізілген сенбілікке қатысты.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізіліп жатқан жалпықалалық экологиялық іс-шара аумақтарды тазалауға, абаттандыруға және көгалдандыруға бағытталған.
Агенттік Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов бастаған сенбілікке 110-ден аса қызметкер қатысып, Нұра-Есіл каналының аумағын тазалап шықты. Оның нәтижесінде 120 қап қоқыс жиналды.
«Сенбілік – бір күндік акция ғана емес, бұл біздің қоршаған ортаға деген махаббатымыз бен жауапкершілігіміз. Агенттік экологиялық бастамаларға ерекше ден қояды, ESG қағидаттарын берік ұстанады. Біз барша қазақстандықтарды экологиялық мәселелерге бей-жай қарамауды сұраймыз», – деді ЭКА қызметкері Надира Әбенова.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында бүгінге дейін 6 миллионнан астам адам жұмылдырылған. 2024 жылдың өзінде ғана еліміз бойынша 1,6 миллионнан аса жасыл желек егіліп, 5,8 миллион шаршы метрден астам жағалау аумақтары тазартылып, 1,1 миллион тоннаға жуық қоқыс жиналды.