Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі ТМД елдерінің форумына қатысты
Ташкент қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше мемлекеттердің форумы өтті. Іс-шарада ТМД елдерінің делегациялары мен Достастықтың Атқарушы комитеті болды. Қазақстан тарапынан форумға түрлі министрліктер мен өңірлердің өкілдері, Сыртқы сауда палатасы, басқа да мемлекеттік құрылымдар мен бизнес-қоғамдастықтың 50-ге жуық өкілі қатысты. Олардың қатарында «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) да бар.
Форум аясында ТМД елдерінің өзара тауар айналымын және өңірлердің халықаралық байланыстарын кеңейту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту жолындағы өңірлердің негізгі қызметіне арналған панельдік сессиялар өтті. Сонымен қатар, Қазақстан делегациясы BMB Holding, «Uztrade» АҚ және SQB Инвестициялар орталығының өкілдерімен бірқатар кездесу ұйымдастырды. Келіссөздер нәтижесінде қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты мен импорты саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді. Атап айтқанда, қазақстандық тарап ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және консервациялау саласында тәжірибе алмасу және бірлескен жобалар құру мүмкіндігін атап өтті.
Өзбекстандағы ЭКА өңірлік директоры Әлішер Хакимов қазақстандық өнімдер мен қызметтерді әлеуетті сатып алушылармен бірнеше B2B-кездесу өткізді. Оның барысында ЭКА ұсынатын қолдау шаралары туралы, оның ішінде импорттық операцияларды қаржыландыру аспектілері айтылды.
Форум соңында достық қарым-қатынасты нығайтуға, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған 10-нан астам құжатқа, сондай-ақ ТМД елдерінің өңірлері арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдету және кеңейту жөніндегі жол карталарына қол қойылды.