Қазан қаласындағы венчурлық форум: технологиялық өнімдер, IT-қызметтер және қазақстандық экспорт
Қазан қаласында «Ресей венчурлық форумы» өтті. Онда әлемнің 25 елінен келген 300-ге жуық спикер мен сарапшы венчурлық нарықтың негізгі трендтері, технологиялық кәсіпкерлікті инвестициялау, кеш кезеңдегі стартаптар және халықаралық кеңею мәселелерін талқылады.
Форум аясында өнеркәсіпті трансформациялау, тұрақты даму саласына инвестиция тарту тақырыптарын қамтыған тақырыптық сессиялар өткізілді.
Форум бағдарламасына стартаптар көрмесі мен технологиялық көшбасшылыққа арналған конференция кірді. Онда кәсіпкерлер инвесторлармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алды.
Іс-шарада Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің Татарстандағы өңірлік директоры Ренат Қалиев сөз сөйлеп, қатысушыларды қазақстандық тауарлар мен қызметтерді экспорттаудың қолдау шараларымен таныстырды.
Қазақстанның ғылыми-техникалық және технологиялық өнімдері, соның ішінде IT-қызметтер экспортына сұраныс көп. Біз мұндай жобаларды жекеменшік инвестициялар және экспортты мемлекеттік қолдау құралдары арқылы жүзеге асыруға көмектесеміз. Біздің мақсатымыз – отандық экспорттаушыларды қолдау, олардың халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау», – деді Р. Қалиев.
Анықтама:
Ресейлік венчурлық форум – Ресейдің венчурлық индустриясындағы ең маңызды шара. Іс-шара Қазан қаласында 2005 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында форумға 2400-ден астам компания мен 700 стартап қатысып үлгерген. Форум Татарстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен өткізілді, іс-шараны ұйымдастырушылар – Татарстан Республикасының инвестициялық-венчурлық қоры, Венчурлық инвестициялау қауымдастығы, Цифрлық дамуға жәрдемдесу қауымдастығы және Еуразиялық инновация орталығы.