Экспорт – майдай жүріп жатыр: майлы дақылдарды өңдейтін зауыт ЭКА қолдауының арқасында кеңеюде | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Экспорт – майдай жүріп жатыр: майлы дақылдарды өңдейтін зауыт ЭКА қолдауының арқасында кеңеюде

2025 жылы «Altyn Shyghys» кәсіпорнында жаңа рафинация цехын іске қосу жоспарлануда.
Шығыс Қазақстандағы майлы дақылдарды өңдеумен айналысатын ең ірі кәсіпорындардың бірі – «Altyn Shyghys» ЖШС – заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген және инновациялық технологияларды қолданады. Алайда кез келген кәсіпорынның табысының кепілі – өнімін тұрақты өткізу. Бұл ретте оларға шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық институт – «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) қолдау көрсетуде.

Қалдықсыз өндіріс

Тұқымнан бастап күнбағыс майына, отынға және тіпті биоқоспалар құрамына дейін – «Altyn Shyghys» ЖШС-нің бүгінгі күні мен болашағы дәл осылай көрінеді. 2019 жылы құрылған бұл май зауыты бүгінде нық қалыптасып, 400-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарына тартылған мердігер ұйымдарды қоса алғанда, шамамен 1500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Кәсіпорын өндірісті қалдықсыз ұйымдастыру қағидаты бойынша жұмыс істейді. Ол бастапқыда биоқоспалар мен биодизель өндіру сынды келешегі зор бағыттарды ескере отырып жобаланған. Бүгінде зауыт ең жаңа автоматтандырылған жабдықтармен жабдықталған, бұл тәулігіне 1400 тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1800 тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Өндіріс директоры Павел Писаренконың айтуынша, зауыттағы технологиялық процесс – бұл үздіксіз жүріп тұратын конвейер. Күнбағыс дәндері тазартылып, кептіріліп, қабығынан ажыратылып, престелгеннен кейін ғана одан май алынады. Мысалы, қабықтан отынға арналған түйіршіктер (пеллеттер) өндіріледі, ал май экстракциялау өндірісінің жанама өнімі – шрот – де сату үшін пайдаланылады.

«Май өндіру – бұл процестегі бір ғана бағыт. Таза майды алғаннан кейін, кез келген салаға қарай дамуға болады – мысалы, биоқоспалар (БАД) немесе тіпті биодизель өндіруге. Мүмкіндіктер өте көп. Біз зауыт салу кезінде осының барлығын ескеруге тырыстық, болашақты ойладық. Сондықтан бүгінде бізде ең заманауи жабдықтар орнатылған, барлық процестер барынша автоматтандырылған, бұл бізге үлкен штат ұстамай-ақ жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – дейді Павел Писаренко.

Қорғау, кепілдіктер және келісімге сенімділік

Кәсіпорынның барлық өнімі – тазартылмаған күнбағыс майы, шрот және басқа да өнімдер – Қытай, Өзбекстан, Иран және басқа елдерге экспорттауға бағытталған. Май зауытының басшылығы шетелдік нарықта салмақты ойыншыға айналу Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің (ЭКА) қолдауының арқасында мүмкін болғанын атап өтеді.

Экспорттаушылар үшін негізгі тәуекелдердің бірі – шетелдік серіктестердің тауар немесе қызмет үшін төлем жүргізбеуі екені жасырын емес. ЭКА құралдары мұндай тәуекелдерден қазақстандық экспорттаушыларды қорғауға көмектеседі.

ЭКА қазақстандық өндірушілер мен қызмет көрсетушілерді сыртқы нарықтарда белсенді қолдап, экспортты сақтандырудың қаржылық тетіктерін ұсынады. Сондай-ақ шетелдік сатып алушылардың сенімділігін тексереді. Агенттіктің жақын шетел елдерінде халықаралық өкілдіктері бар.

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі – бұл бізбен жұмысын ең басынан бастап келе жатқан ұйым. Шетелдік импорттаушыларды тексеру мүмкіндігін дәл осы агенттік береді. Бұл – қазақстандық бизнес үшін тәуекелдер мен шығындарды азайтудың жолы. ЭКА – біздің қауіпсіздігіміздің кепілі, заңдылық пен сенімділікке деген сеніміміз. ЭКА тарапынан көрсетілген қолдау біздің компанияның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарды. Біз аккредитивтерді сақтандыру және шетелдік сатып алушыларды қаржыландыру сияқты құралдарды қолданамыз, бұл бізге клиенттер базасын кеңейтіп, жеткізілім көлемін арттыруға мүмкіндік береді», – дейді Павел Писаренко.

Агенттік сондай-ақ айналым қаражатын тартуға көмектеседі. Мысалы, май зауытына қуаттылықты жаңарту мен кеңейту процесін айтарлықтай жеңілдеткен оңтайлы шарттармен кредиттік желілер алу мүмкіндігі берілді.

Экспорт көлемін ұлғайту, жаңа нарықтарға шығу мақсатында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі аккредитивтерді сақтандыру және шетелдік сатып алушыларды қаржыландыру бойынша жұмыс жүргізуде. Айналым қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда, ЭКА кепілдігімен қарыз, аванс немесе факторинг тартуға жәрдемдеседі. Осы механизмдер өндірісті жаңғыртуға, қуаттылықты арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді.

 Сенімді серіктес – барлық бағытта

2025 жылы кәсіпорында тәулігіне 500 тонна өнім өндіретін жаңа рафинация цехы іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл зауытқа ішкі нарыққа арналған бөтелкедегі тазартылған май шығарып, терең өңделген өнімнің экспортын арттыруға мүмкіндік береді.

Кәсіпорын шетелдік мамандармен тығыз ынтымақтастық орнатып, жергілікті кадрларды оқытумен айналысады. Экстракция цехы заманауи автоматты бақылау және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған, бұл жоғары өнімділік пен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің арқасында біз әлемдік деңгейде тексерілген жабдық жеткізушілерімен ғана жұмыс істейміз және өндірістің тоқтап қалмауы үшін қосалқы жүйелерді енгіземіз. Жалпы, қазақстандық бизнестің халықаралық нарыққа шығу тәуекелдері ЭКА-ның кең құралдар мен қызметтер спектрі арқылы барынша азайтылуы мүмкін деп есептеймін», – дейді Павел Писаренко.

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің аймақтық менеджері Алтыңгүл Төлегенова «Altyn Shyghys» ЖШС-не 33 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілгенін, оның ішінде 8 млрд теңге инвестициялық мақсаттарға бағытталғанын айтты. Бұл қаражат кәсіпорынға заманауи май экстракциялық зауыт салу үшін қарыз қаржыландыруын тартуға мүмкіндік берді. Қалған 25 млрд теңге айналым қаражатын толықтыруға беріліп, экспорттаушының өндірістік көлемін едәуір арттыруға ықпал етті.

Кәсіпорынға экспорттық жобаларды іске асыру үшін айналым қаражатын толықтыруға арналған қаржыландыруды алу мақсатында сақтандыру қамтамасыздығы ұсынылды.

«Басқаша айтқанда, Агенттік банкке экспорттаушылардың несие шарты бойынша міндеттемелерін орындамау тәуекелінен қорғаныс береді. Бұл экспорттаушыларға жеткілікті кепілдік қамтамасыздығы болмаған жағдайда несие алуға мүмкіндік береді. Аталған жағдайда ЭКА-ның сақтандыру қамтылуы кепіл ретінде қарастырылады», – деді Алтыңгүл Төлегенова.

Ол Агенттіктің басты басымдығы – жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын кәсіпорындарды қолдау екенін атап өтті. ЭКА сыртқы нарықтарға шығуға ұмтылатын барлық компанияларға қолдау көрсетеді. Алдағы жылдары агенттік сақтандыру көлемін екі есеге – 1,2 трлн теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

«Анық айтқанда, бұл Шығыс Қазақстан облысындағы жоба мемлекеттік және жеке құрылымдардың тиімді өзара іс-қимылының айқын дәлелі болып табылады. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, іскерлік ахуалды жақсартуға және Қазақстанның халықаралық аренадағы позициясын нығайтуға оң әсерін тигізуде», – деп түйіндеді ЭКА өкілдері.

Еске салайық, жақында «KazakhExport» экспорттаушылардың жеке кабинетін іске қосты – бұл отандық экспорттаушылардың цифрлық өтінімдер тапсыруы мен шарт талаптарын келісуі үшін арналған онлайн-платформа. Жоба Мемлекет басшысының мемлекеттік басқаруды ауқымды цифрландыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Бұл кешенді тәсіл өтінімдерді өңдеу үдерісін едәуір жеделдетіп, өзара әрекеттесу тиімділігін арттырады және экспорттаушылардың уақытын үнемдейді. Барлық кезеңдер экспорттаушылардың жеке кабинетінде – online.kazakhexport.kz және Агенттіктің ресми сайтында – www.kazakhexport.kz қолжетімді.

Дереккөз:https://kapital.kz/business/135686/kogda-eksport-kak-po-maslu-zavod-po-pererabotke-maslichnyh-rasshiryaetsya-blagodarya-eka.html
consultation Кеңес ал!