Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Лондонда өткен орнықты даму жөніндегі халықаралық семинарға қатысты
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Лондонда Берн одағы мен ICC ұйымдастырған орнықты даму жөніндегі жыл сайынғы семинарға қатысты.
Семинардың басты мақсаты саладағы тұрақтылық қағидаттарын іске асыру мәселелері бойынша саясат пен стратегиядан бастап техникалық талдауға және транзакцияларда практикалық қолдануға дейінгі аспектілер қамтылатын диалог құру болды. Іс-шараға әр түрлі елдерден 100-ге жуық делегат жиналды.
Семинар барысында тұрақтылықтың кешенді құрылымын және оны қолдану жолдарын зерделеуге, деректерді талдауға және нарықты карталауға, сондай-ақ географиялық және салалық проблемаларды тереңдей зерттеуге арналған жоғары деңгейдегі стратегиялық сессиялар өткізілді.
Семинарға қатысушылардың бірлескен күш-жігері орнықты даму қағидаттарын экспорттық кредиттеу және инвестицияларды сақтандыру секторында теориядан практикаға ауыстыруға бағытталды. Әр түрлі мүдделі тараптардың өкілдері бас қосқан семинар салада орнықты іс-тәжірибені енгізудің бірыңғай тәсілін әзірлеуге күш жұмылдырды.
Айта кету керек, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің 2024-2033 жылдарға арналған даму жоспарында қоғамның әл-ауқатына, ресурстардың қолжетімділігіне және энергия бағасына әсер ете отырып, жаһандық экономикаға қауіп төндіретін климаттың өзгеруі проблемаларына ерекше назар аударылады.
Анықтама:
Берн одағы — халықаралық кредиттер мен инвестицияларды сақтандырушылар одағының ресми атауы. Бұл сақтандыру компанияларының, экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандырумен айналысатын ұйымдардың бейресми бірлестігі. Ол 1934 жылы Швейцарияда Берн қаласында құрылған. Одақтың жарғысына сәйкес экспорттық кредиттерді сақтандырумен тікелей айналысатын сақтандыру ұйымдары ғана оның мүшесі бола алады. Қазіргі уақытта одаққа әр түрлі елдерден 50-ге жуық ұйым кіреді.
ICC (International Chamber of Commerce) немесе Халықаралық сауда палатасы - бүкіл әлем бойынша бизнес мүдделерін білдіретін әлемдегі аса ірі бизнес-ұйым. ICC 100-ден аса елден 45 миллионнан астам компанияны біріктіреді. ICC мүшелері ірі халықаралық корпорациялар да, сондай-ақ шағын және орта кәсіпорындар да болып табылады.