Қытай импорттаушылары қазақстандық азық-түлік өнімдерін жеткізуге қызығушылық танытып отыр
Бүгін Shenzhen Fengyu Tongzhou E-commerce Co., LTD басшылығы жұмыс бабымен Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің кеңсесіне келді. Кездесу барысында қытайлық серіктестер Қазақстан тауарларын Қытай нарығына шығару мәселесін көтерді, атап айтқанда өңделген азық-түлік өнімдерін коммерциялық маркетплейс құралдары арқылы сату жолдары қарастырылды.
Тараптар екі ел арасындағы сауда байланысын нығайту үшін ТОП-10 өнім тізімін жасау туралы келісімге келді. Бұл позициялар қазақстандық экспорттаушылар мен Қытайға тауар тасымалдайтын компаниялардың өнім жеткізушілері тізіліміне енгізілген әлеуетті тауарлар мен қызметтерді талдау нәтижесінде іске асты.
Өз кезегінде Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі төлемді кейінге қалдыру және аванс беру кезінде экспорттаушылардың тәуекелдерін барынша азайтуға, сондай-ақ елімізде бірлескен экспортқа бағдарланған жобаларды құру кезінде қаржы тартуға жәрдемдесуге арналған қолдау құралдарын ұсынды.