Қазақстан мен Италия сауда-экономикалық қатынасты нығайтып жатыр | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Қазақстан мен Италия сауда-экономикалық қатынасты нығайтып жатыр

Миланда «Қазақстан-Италия: сауда және инвестициялық мүмкіндіктер» үш күндік бизнес-форумы болып өтті. Іс-шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар айында Италияға жасаған ресми сапары аясында ұйымдастырылды.

Форумға екі елдің мемлекеттік құрылымдары мен қаржы институттарының өкілдері, сондай-ақ тау-кен өндіру өнеркәсібі, металлургия, қаржы қызметтері, жеңіл өнеркәсіп, туризм, инфрақұрылым, логистика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және технологиялық инновация салаларында жұмыс істейтін ірі қазақстандық және италиялық компаниялар қатысты. Қазақстандық делегацияны Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастап барды. Сауда-экономикалық миссия құрамына «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ кірді.

Іс-шара жаңартылатын энергетика, агроөнеркәсіп кешені, фармацевтика және инновацияларды дамыту саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Басқарма төрағасының орынбасары Аян Бектібаева италиялық бизнеске қазақстандық өнімнің импорты кезінде, әсіресе, аванстық төлемдер барысында тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталған сақтандыру шешімдерін таныстырды.

«Қазақстан — Италияның Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктестерінің бірі. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 16 миллиард АҚШ долларынан асты. Осы ретте Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі елімізде жобаларды бірлесіп іске асыруға ниетті италиялық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Біз қаржылық-сақтандыру құралдарының кең спектрін ұсынамыз. Олардың қатарында жобаны қаржыландыру және өндірістік алаңдарды іске қосқаннан кейінгі экспорттық операцияларды қолдау құралдары бар»,—деді ол.

Өз кезегінде италиялық спикерлер екіжақты өзара іс-қимылдың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

Ал Италия Парламенті Сенатының төрағасы И.Ла Русса Италияның Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға көп көңіл бөлетінін және бүгінгі бизнес-форум екіжақты қатынастардың жоғары деңгейде екенін мәлімдеді.

Одан бөлек, бизнес-форумда экономикалық байланысты нығайтуға және жаңа бірлескен жобаларды іздеуге бағытталған B2B-кездесулер өтті. Аян Бектібаева SACE, Италияның экспорттық-кредиттік агенттігіне италиялық жасыл технологияларды Қазақстанға экспорттау жөнінде бірлескен жобаларды қарастыруды ұсынды. Мұндай ынтымақтастық қазақстандық экспорттаушыларға экологиялық таза технологияларды енгізу арқылы CBAM салық міндеттемелерін азайтуға мүмкіндік береді.

Еске салайық, биыл «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ және Италияның «SACE» экспорттық-кредиттік агенттігі өзара ынтымақтастықты дамыту және экспорттық сауданы бірлесіп қолдау бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Құжат Италия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, Орталық Азияда бизнес жүргізуге мүдделі италиялық компанияларды қолдау арқылы инвестицияны ынталандыруға, сондай-ақ қазақстандық компаниялардың Италия нарығында жұмыс істеуін қамтиды.

chat Кеңес ал!